Енді дәрігерлерге жасанды интеллект көмектеседі

Қазақстандық дәрігерлерге жасанды интеллект көмектеседі.

Арнайы бағдарлама келесі аптадан бастап іске қосылады. Ол науқастардың дертін анықтап, деректерді талдауға қабілетті. Яғни мамандардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қателіктің алдын алады. 

Медицина саласын цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. мәселен қазір ауруханалардың өзінде науқастар кезек күтіп сарылмайды. Ол үшін былай электронды талон алса жеткілікті. Мәселен, менің нөмірім – 5589. Бұл нөмірлер тәртіпті сақтап, кезектің уақытылы жылжуы үшін керек. Науқастар қай кабинетке баратынын дәліздегі экраннан қадағалап отырады. Сонымен қатар жолдама да цифрлық түрде беріледі. Мәселен, қан тапсыруға келген жандар жеке куәлігін көрсетсе жеткілікті.

Жанат Уватаева, №6 қалалық емхананың клиникалық-диагностикалық зертхана меңгерушісі:

- Алдымен жеке куәлік арқылы науқастың жеке басын анықтаймыз. Содан кейін Дамумед жүйесінен оның жолдамасын тауып, сынама алынады. Әр пробирканың штрих коды болады. Бұрынғыдай қағаз толтырмаймыз.

Қазір дәрі-дәрмек те электронды түрде тағайындала бастады. Яғни, науқастар бұрынғыдай қағаз тасып жүрмейді. Оның жеке кабинетінде қандай дәрі алуы керегі жазылып тұрады. Бар болғаны кьюар кодты сканерлесе жеткілікті.

Азамат Байбалаев, №6 қалалық емхана директорының орынбасары:

- Рецепт бұрын мысалы кейде жоғалтып алатын және оған мөр қойдыру керек. Бірінші дәрігердің мөрін. Одан кейін бөлім меңгерушісінің қолын қойдыру керек. Одан кейін тағы да өзінің рецепт тегін деген тағы да мөрлер бар. Соның бәрін қойдырып, ол бұрын бір кабинеттен екінші кабинетке жүріп уақытты алатын болса. Қазір оның бәрі цифрландырылып, медицина қызметкерлеріне де, пациенттерге ыңғайлы бір жүйеге жүйелендірілді.

Медицина саласына жасанды интеллект те енгізілмек. Келесі аптадан бастап барлық емханалар бұл жүйеге қосылады. Арнайы бағдарлама рентген түсірілімге қарап, ауру белгілерін анықтауға, дәрігер қойған диагнозды тексеруге, сонымен қатар ақпаратты сақтауға қабілетті.