Жетісу облысында табиғи газбен жұмыс істейтін жаңа станция іске қосылады

Жетісу облысында биыл алғаш рет табиғи газбен жұмыс істейтін станция іске қосылады, деп хабарлайды 24kz.

Соның арқасында аймақта өндірілетін энергия көлемі ұлғаймақ. Өңірде жылу беру маусымына дайындық шеңберінде бұдан өзге қандай жұмыс жүргізілді?

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Инвестициялық жобаның алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Сынақтан өткізілген соң қазан айында іске қосылады.

Станислав Долгалев, компания өкілі:

- Екінші кезеңі жыл соңына таман жұмыс істей бастайды. Сол кезде 35 мегаватт электр тоғы және 25 гигакалория жылу алынады. Үшінші кезеңін келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Станция іске қосылғанда сағатына 84 мегаватт электр қуаты және 72 гигакалория жылу өндіріледі. Соның нәтижесінде қаладағы ең үлкен «Басқуат» қазандығына түсетін жүктеме 20 пайызға азайтылады.

Толық қуатымен жұмыс істейтін «Басқуат» қазандығы арқылы қаладағы үйлер мен мекемелердің басым бөлігі жылытылады. 44 жыл бұрын қолданысқа берілген нысан 70%-ке ескірген. Соған байланысты екі пеші толықтай жаңартылып жатыр.

Аян Тілеубеков, «Басқуат» қазандығының басшысы:

- «Басқуат» қазандығында төрт қазандық бар. Осы екі қазандық күрделі жұмыс жүріп жатыр. Екі қазандығымыз жұмыс істеп тұр. Толықтай осы 1 қыркүйекте іске қосылады.

Мекеменің қуатын арттыру үшін қосымша екі пеш салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қалада тағы бір жылыту мекемесінің құрылысы қолға алынған.

Айдос Бекетаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Былтыр қараша айында басталған болатын. 2026 жылы аяқталады. Қазіргі таңда 50% жұмыстар аяқталды. Ол бізде орталық бас қазандық жүктемесін 20%-ке азаятын болады. Біз оған жаңа ықшам аудандарды қосатын боламыз.

Жетісу облысында алдағы жылыту маусымына 14 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Осы қаржы есебінен 16 шақырым құбыр ауыстырылып, қазандықтардағы 35 пеш жөнделді. Сонымен қатар мекемелерге қажет көмір, жанар-жағармай алынып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, қысқы маусымға дайындық 84%-ке жеткен.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев