Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезіне кімдер келеді?

Келер айда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне 60-қа жуық елден 100-ден астам делегация қатысуы тиіс.

Олар болашақ жолындағы синергия тақырыбын талқыламақ. Яғни жаһандағы бейбітшіліктен бастап, жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар қаузалады.

Айтпақшы, Таяу Шығыстағы қақтығыс діни сипат алғалы ислам және иудаизм көшбасшылары осындай ауқымды отырыста алғаш рет бас қосайын деп отыр.

2003 жылдың күзі. Алғаш рет дін көшбасшылары елордаға жиналып, дөңгелек үстелде бас қосты. Ол заманда мұндай отырысты өткізу мүмкін еместей көрінген. Тіпті өткеннен кейін де, сьездің өміршеңдігіне күмән келтіріп, алда қайта жиналатынына сенбейтіндер табылды. Алайда күзгі кеңес тұрақты өткізіліп қана қоймай, халықаралық күн тәртібіндегі маңызды оқиғаға айналды.

Мадина Әбішева, конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының бас консультанты:

- Бұл сынақ түрінде өткен сьезд болатын. Ол әрі қарай жалғасын таба ма, жоқ па? 13 мемлекеттен келген. Еуропа, Африка континентінен және Евразиядан келген көптеген дін өкілдері бірлесіп, бір үстел басында бас қосып, дінаралық диалог құрды. Және бұл нәрсенің мүмкін екенін дәлелдеді. Бұл Қазақстанның бренді болып қалыптасқан дінаралық диалог алаңы деп айта аламыз. 

Бүгінге дейін сьездің 7 отырысы өтіп, 7 декларация қабылданды. Хатшылықтың жұмысын жандандыруға бағытталған 2 құжатқа қол қойылды және 45 келісім жасалды. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер диалогының нәтижесі

Өтті – 7 Съезд

Қабылданды – 7 декларация

Қол қойылды – 2 құжат

Жасалды – 45 меморандум  

Демек, осы уақыт ішінде сьезд тек талқы алаңы емес, нақты құжаттар қабылданатын құрылымға айналды. Бұл еліміздің әлемдік арендағы абыройына да оң әсер бергені сөзсіз. Сьездің салмағы артқан сайын, мәртебелі қонақтардың да қатары көбейді. Бұған дейін Әл-Азхар шейхі ат-Тайеб пен Рим папасы Францисктің келгені баршаға мәлім.

Енді Ресей Патриархы Кирилл Астанаға ат басын бұрғалы отыр. Ол Съезд жұмысына қатысып, Успен соборында Литургия рәсімін өткізеді.

Томаш Пэта, Астанадағы Қасиетті Мария Архиепархиясының архиепископ-митрополиті:

- Әдеттегідей католиктер шіркеуін Ватиканнан келген мәртебелі меймандар бастап барады. Қазір кім келетіні әлі нақтыланбады. Дегенмен, кем дегенде координалдың бірі келеді деп пайымдаймын. Әлемді түрлі қақтығыс пен традегия жайлағаны жасырын емес. Ал Қазақстан мүлдем басқа тіршіліктің оазисіне айналды деуге болады. Мұнда бейбітшілік пен келісімге деген ұмтылыс бар. Осы ретте жиында барлық тарап бір ауыздан бейбітшілікке үндесе екен.

Діндер дос болса, елдер тату болады. Кей қарулы қақтығыстың арты діни сипат алып кеткен соң, саясаткерлерде осындай пайым пайда болды. Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты айтып отырмыз. Соғыс басталғалы ислам мен иудаизм көшбасшылары мұндай ауқымды отырыста бас қоспаған. Ал Астанадағы мәміле алаңында екі тарапты бір үстелде тоғыстыратын керемет мүмкіндік туып тұр. Иудазим өкілдерін Бас Сефард раввині мен Бас Ашкенази раввині бастап келетінін растады. Исламның да көшбасшылары қатардан табылуға әзір.

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

- Әл-Азхар шейхі жоғарғы имамы келемін деген ниеттерін білдіріп отыр. Сондай-ақ Сауд Арабиясындағы дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы Иса мырзаның да келуі жоспарда бар. Сондай-ақ, көптеген муфтилер келуге ниеттерін білдіріп жатыр. Әрине ғалымдар осы соғыстың тоқтауына өзіндік үлесін қосады деп.

Биылғы тақырып – діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия. 4 панельдік сессия өтеді, соның екеуінде әлемдегі тұрақтылыққа дін арқылы қол жеткізу мәселесі қаралады. Әрине қарулы қақтығысты тоқтатынына сену қиын. Алайда бұл басқосу өзара түсініктің алғашқы кірпішін қалап берері сөзсіз.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бейбітшілік және келісім сарайын салу бастамасы осы сьездің алғашқы отырысында қабылданған еді. Содан бері бұл ғимарат достықтың, ал сьезд тыныштық пен татулықтың символына айналды. Келелі кеңеске тұрақты түрде оннан аса дін және конфессия өкілдері қатысып жүр. Ашығын айту керек, олардың артында ғасырлардың өкпесі, соғыстардың сызаты, жүректердің жарасы жасырынған. Бірақ соған қарамастан Астанадағы алқалы отырыста төс қағыстырып, қол алысады. Олардың сенімі басқа болса да, дұғасы бір. Ол бейбітшілік. Сьездің де түпкі мақсаты осы. 

Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев