Алматыда Тереңқұр демалыс аймағы 20 жылдан кейін жаңартылды

Алматыда Тереңқұр демалыс аймағы 20 жылдан соң алғаш рет қайта жаңғыртудан өтті.

 Оған дейін бұл жер жекенің қолында болған. Сондықтан құрылыс жұмыстары жүргізілген жоқ. Тек коммуналлық меншікке өткеннен кейін ғана абаттандыру басталған. Құрылыс 1 жылға созылды. Осы уақыт ішінде қараусыз қалған жер адам танымастай өзгерді.

Тереңқұр - алматылықтар ең көп келетін демалыс аймағы. Бірақ соңғы 20 жылда жекенің қолында болып, әбден тозып кетті. Осы кезде бүкіл қала тұрғындары дабыл қаққан. 2023 жылы әкімдік коммуналдық меншікке алып, жаңғырту жұмыстарын бастаған. 3,5 гектарға жуық аумаққа жаңадан  амфитеатр, теннис корты, шахмат ойнайтын алаң мен спорт жабдықтары орнатылды.

Данияр Былқылов, Медеу ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұдан өзге де қыруар шаруа жасалды. Жаяу жүргіншілер жүретін жолды, балалар ойнайтын алаңды, тіпті спорт жабдықтарын да ерекше етіп ұсынуға тырыстық. Ұзақ жыл қараусыз жатқан су айдынын тазарттық. 30 жаңа орындық қойылды. Жасыл желекті суғару үшін автоматты  жүйеі іске қосылды. Қазір күніне 4 мыңға тарта адам келіп серуендеп қайтады. Мұнда мерекелік шаралар өткізуге де болады.

Алматылық Алмас Нұржанов жөндеуден соң Тереңқұрға алғаш келіп тұр. «Таңданысымды жасыра алмаймын. Мұндай көріністі күткен жоқпын» дейді. Ол дәл осы жерде жас жұбайларға арнап, лав стори түсірмек. 

Алмас Нұржанов, әуесқой оператор:

- Жаңғыртудан соң Тереңқұр ерекше өзгеріпті. Әрбір алаңның дизайны қайталанбайды. Бір-бірін толықтырып тұр. Осы локацияны таңдағаныма өкінбеймін. Қазір екі жасты күтіп тұрмын. Бейнеролик те, суреттер де керемет шығады, деп ойлаймын. 

Саябақтың басты нышаны – алтын күмбезді аппақ ротонда ерекше түрге енді. Оны айнала қоршаған жолдар гүлмен безендірілді. Оған қоса, демалыс соқпағы қоршалып, жолы кеңейтіліп қайта жасалды. Өзен жағалауы бектіліді.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Тереңқұр денсаулық соқпағының жалпы ұзындығы 4,5  шақырым. Соның 1 шақырымға жуығы жаяу жүргіншілерге ыңғайлы етіп қайта жасалды. 1974 жылдан бері өзен бойын алматылықтар денсаулық жолы деп, жаяу жүреді. Жаңғырту жұмысынан кейін Тереңқұр демалыс аймағы қаланың көрікті орындарының қатарына қосылды.

Құрылыс жұмыстарына 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Балалар ойнайтын алаң мен спорт жабдықтарынан бөлек, иогаға арналған орындар, экологиялық ойын аймағы құрылды. Ал жасыл желек саябақтың көркін кіргізе түсті.

Ғалымбек Уәлиев, серіктестік қызметкері:

- 2,5 мың бұта 5 мыңға жуық гүл отырғыздық, оның ортасында арша бар одан 70 түп отырғыздық. Бүкіл қала келіп қуанып жатыр десек болады. 

Алматыда жайлы орта қалыптастыруға бағытталған тағы бірнеше жоба бар. Бағдарлама тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға насихаттайды. Осы мақсатта Кіші Алматы өзені бойындағы Теренқұр демалыс аймағы мен Есентай өзені маңындағы жаяу жүргіншілер жолын біріктіру жоспарланып отыр.

Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев