Елімізде 100 базар жаңғыртылады

Биыл елімізде жүз базар қайта жаңғыртудан өтпек. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

Ведомство өкілінің айтуынша, аталған шаралар өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Ал биылдың өзінде облыс орталығында заманауи талаптарға сай екі жаңа базар іске қосылады. Сапар аясында вице-министр жергілікті тұрғындар және кәсіпкерлермен де кездесті.

Сауда және интеграция вице-министрі Қызылордадағы ғасырдан астам тарихы бар ескі базарды аралап көрді. Ашық сауда алаңының бір бөлігіне бұған дейін 4000 шаршы метрден асатын екі ғимарат салынған. Қазір тағы бір нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Ақберді Төлеков, базар директорының орынбасары:

- Қазіргі салып жатқан ғимаратым 2070 шаршы метр. Галерея да дәл сондай болады 2000 шаршы метрдің үстінде. Бірақ кезең-кезеңімен салынады.

Айдар Әбілдабеков Қызылордада салынған заманауи базар ғимаратымен де танысты. Екі қабатты нысан қыркүйекте пайдалануға берілмек. Мұнда азық-түлік, көкөніс және тұрмыстық бұйымдар сатуға тиісті жағдай жасалады.

Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы базарлардың бәрі жаңғыртудан өтіп қою керек. Биыл жол картасына 100 базар енгізілген. Көбі жаңғыртуды жылдың аяғына дейін бітіреді. Біразы түрлі себептермен үлгермей жатыр. Қаражаттары жетпей жатыр, болмаса банктерде несие берген кезде ұзақ қаралып, созылып кету сияқты мәселелер бар. Келесі жылдың ортасына дейін болса да бітіреміз деп жоспарлап отыр.

Вице-министр өңірдегі ірі өндіріс орындарына да барды. Картоп-фри, тұз және күріш өңдеу цехтарының жұмысын көрді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев