Елімізде жол сапасын бақылау күшейеді

Биыл елде 13 мың шақырым жол жөнделеді. Оның басым бөлігі жергілікті жолдар, деп хабарлайды 24kz.

Жоспар іске асса, елді мекендерді қосатын жол желілерінің сапалық көрсеткіші жыл соңына дейін 91%-ке жетпек. Бұл туралы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлімдеді. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту – Президент тапсырмасы. Десе де, салада әлі де шұғыл шешімді қажет ететін мәселе баршылық.

Атап айтсақ, Ұлттық сапа орталықтарының ескертуіне қарамастан, нысанды қабылдау тыйылмай тұр. Олжас Бектеновтің айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар, әсіресе, Жетісу, Алматы облыстарында жиі тіркеледі. Осы ретте Премьер-министр  аталған ұйымның қызметін күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ бөлінген қаржыны баяу игеріп жатқан Абай, Ақтөбе, Ақмола өңірлерін сынға алды. Кінәлілерді жазалап, министрлік пен Ұлттық сапа орталығына 1 қазанға дейін барлық жобалардың жүзеге асырылуын тексеруді жүктеді.