Конституцияның 30 жылдығына орай балалар арасында республикалық сурет байқауы өтті

Ата заңның 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Балалар шығармашылығындағы Конституция» республикалық байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды 24kz.

Сайысқа 12 мен 15 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысып, 3 тақырып бойынша қиялдарын қағазға түсірді. Олар «Балалар құқықтарын қорғаудағы Конституция», «Қорғалған цифрлық әлем» мен «Конституция және шығармашылық» бағытында сурет салды. Елдің әр өңірінен 169 жұмыс ұсынылды. Конкурс комиссиясының шешімімен 3 бала жеңімпаз атанып, тағы 27 сурет авторлары алғыс хатпен марапатталды. Оларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ақерке Қасым, Конституциялық соттың баспасөз хатшысы:

- Өз суреттерінде балалар Конституцияның жай ғана құқықтық құжат емес, балалық шақ пен болашақты қорғайтын сенімді қалқан екенін көрсетті. Олар бала құқықтарын қалай түсінетінін, қауіпсіз цифрлық әлемді қалай елестететінін және өзін еркін білдірудің түсінігін белгіледі.

Арайлым Спандияр, байқау жеңімпазы:

- Осы конкурсқа қатысқаныма өте қуаныштымын, бірінші орын алып отырғаныма қатты қуаныштымын. Бұл конкурс мен үшін өте ерекше әсер қалдырды.