Көкшетауда өртке қарсы 2 мың құрылғы орнатылады

Жылыту маусымы басталмай жатып ақмолалық төтенше жағдайлар қызметінде тыным жоқ.

Өткен жылыту маусымында 328 оқиға тіркеліп, 16 адам иіс тиіп көз жұмған. Осындай қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін биыл мамандар үйлердің пешін жөндеп, тіпті түтін шығаратын мұржасына дейін тазалауға кірісті. 

Көкшетаулық төтенше жағдайлар басқармасы биыл осындай 2 мыңға жуық дабыл қаққыш сатып алды. Улы газға қарсы қондырғы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларына тегін орнатылады. Алғашқы күннің өзінде 50-ден астам үйге қойылды.

Валентина Красильникова, қала тұрғыны:

- Біз бұл үйде 1993 жылдан бастап тұрамыз. Баспанамыз өте ескі. Қыста пеш жағамыз. Сондықтан кейде үйде болмаған кезде қорқамыз. Төтенше жағдайлар қызметкерлері улы газдан сақтайтын дабыл құрылғысын орнатып берді.

Былтыр облыс бойынша осындай 1836 қондырғы орнатылып, соның арқасында екі адамның өмірі құтқарылды, дейді мамандар.

Руслан Молдағұлов, Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

- Тұрғындардың көбі қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтай алмайды. Оған тұрмыстық тауқымет себеп. Кейде салғырттық та болады. Біз сақтық шаралары жөнінде түсіндіріп, қондырғыларды орнатып бердік. Үйден күйік немесе түтін иісі шыға қалса, ол бірден дабыл қағады.

Көкшетаулықтар келер айдан бастап от жаға бастайды. Сондықтан пештің жылыту маусымына әзірлігі де маңызды. Бірақ олардың көбі дайын емес. Бірінің мұржасы бітеліп жатса, енді бірінің құбыры жарылға.

Руслан Молдағұлов, Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

- Пеш пен электр желілері қысқа дайын болмай жатады. Кейбір баспаналарларғы электр қондырғылары ағашқа орнатылған. Пештің үстінде отын кептіретіндер де табылып жатады. Сондықтан үй иелеріне ескерту жасап, кемшіліктерді жою туралы кеңес берумен шектелеміз.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мұндай профилактикалық жұмысы қыркүйектің ортасына дейін жалғасады.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный, 24KZ