Байғанин мен Мәртөк аудандарында заманауи өрт сөндіру бекеттері салынып жатыр

Елде өрт сөндіру қызметтерін күшейту маңызды. Осы мақсатта өңірлерде жаңа нысандар салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, Ақтөбе облысының Байғанин және Мәртөк аудандарында деполар құрылысы басталды. «Ескі нысандар талапқа сай емес», - дейді мамандар. Байғаниннің орталығы Қарауылкелді ауылындағы депо қараша айында қолданысқа беріледі. Сондай-ақ жергілікті төтенше жағдайлар қызметінің базасы арнайы техникамен толығады.

Қарауылкелдіде өрт сөндіру депосының құрылысы мамыр айында басталды. Нысанның жалпы аумағы мың шаршы метрге жуық. Қазір құрылыс алаңында 15 адам жұмыс істеп жатыр.

Ерлан Әлжанов, мердігер компания өкілі:

- Бетонды жұмыстары жүріп жатыр. Қазір сырттарын қаптап, жылу жүйелерінің құбырларын жасап жатырмыз. Орындарын Дайындап жатырмыз. Судың трассасын жасап қойдық. Ол дайын. Дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатыр, одан қалса, панель жұмыстары да жүріп жатыр. Өзінің берген мерзімінде аяқтауға жұмыстанып жатырмыз.

Өрт сөндірушілерге арналған ғимараттың құрылысына облыстық бюджеттен 847 млн теңге қаржы бөлінді. Депо төрт көлікке арналған, яғни, бір мезетте екі көлік жедел аттана алады. Құтқарушыларға барынша жағдай жасалады.

Нұржан Жұбанышев, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

- Осы нысанның сыртында 100 метрлік жүгіру жолағы бар. Баскетбол, футбол алаңдары бар. Демалыс орындары бар сыртында отыратын. Алаң толығымен асфальтталады. Айналасына брусчатка салынады. Сонымен қатар осы машинаға арналған өздерінің тұрақтары бар. Енді бұл нысанда өрт сөндірушілерге арналған барлық жағдай бар.

Байғанин ауданында бұрын мамандандырылған өрт сөндіру депосы болмаған. Төтенше жағдайлар департаментінің жасақтары 1968 жылы салынған ғимаратта отырды. Қазір бұл нысан апатты жағдайда. Сондықтан жыл соңына дейін құтқарушылар жаңа бекетке көшуі тиіс.

Еркебұлан Баймұқанов, аудандық ТЖБ бастығының м.а.:

- Қазіргі таңда халықтың санына бір техниканың жетіспеушілігі болды. Мына жаңа салынып жатқан ғимаратта қосымша өрт сөндіру техникасы және Toyota Hilux автокөлігімен жабдықталу жоспарланды. Құрылыс барысымен аптасына екі рет барып жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын үнемі қадағалауда ұстап отырмыз.

Өрт сөндіру депосы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында да салынып жатыр. Бүгінгі таңда мұнда жоспарланған жұмыстың 30%-і атқарылған. Құтқарушылар бекеті келесі жылдың қаңтар айында ашылады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов