Индердегі Тұздыкөл мен Карьер демалыс аймағына айналады

Индердегі тұзды көлді көрем деушілер көп.

Табиғаттың кереметін тамашалауға жұрт әсіресе жазда құмар.

Мынау жарқырап жатқан ақ айдын – Индер тұзды көлі. Ертеден емдік қасиетімен танымал. Мамандардың айтуынша, мұнда Менделеев кестесіндегі 16 элемент шоғырланған. Бұл жерге туристер осы бір тамашаны көру үшін әрі емделу үшін келеді.

Жазда бұл жерде ине шаншар орын болмайды. Қазір күн суыта бастағаннан кейін адам азайған. Дегенмен бұлақ суына түсіп, тұзбен емделуге келгендерді кездестірдік. Мұндағы тұзды су мен қара балшық түрлі тері ауруына ем,- дейді келушілер.

Роза Шәріпова, Индербор кентінің тұрғыны:

- Бұл балшық псориаз және аллергиялық ауруларды емдейді екен. Біз осы жерде тұрғанда әжемізбен келетін едік. Ол мезгілде осы жерде шатыр, не болмаса масахана құрып үш күн жатып, мал сойып жататын едік. Сол енді есімізде қалды. Мұнда жыл сайын келеміз.

Табиғаттың тамашасына тамсанып әрі дертіне ем іздегендер осы жерде арнайы шипажай салынса,- дейді. Өйткені қазір мұнда көлеңкелейтін санаулы орын дайындалған. Әжетхана орнатылған. Бірақ келгендерге жақсы жағдай жасалса, туристер санының артатыны белгілі. Аудан әкімдігі кәсіпкерлерге ұсыныс білдірген. Қазірдің өзінде қызығушылық танытып отырғандар бар,- дейді аудан әкімінің орынбасары.

Артур Мурзин, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

- Аудандық қоғамдық кеңестің отырысында ауданның ақсақалдарын, жергілікті белсенділерді, тиісті бөлім, мекеме басшыларын жинап, Карат мекемесінің өкілі келді. Яғни шипажай салу мәселесі бойынша, сонымен қатар тұздыкөлді игеру бойынша да. Алдағы уақытта бұл жұмыстар енді жеке кәсіпкердің өзінің жұмыс бағытына қарай ұйымдастырылатын болады.

Ал мынау өткен ғасырдың 70-жылдары борат өндірілген карьер. Қазір демалыс орнына айналған. Бірақ келушілер үшін қолайсыздық көп. Жол да нашар. Байланыс тіпті жоқ.

Еламан Қарманов, Атырау қаласының тұрғыны:

- Негізі келушілер демалыс күндері көп болады. Бірақ деген бар. Мұнда келетін кісілердің жағдайларын бір жақсартатын, үлкен ғып бір демалыс орнын салып беретін жеке кәсіпкерлер болса, керемет болар еді. Атыраудың туризмі дамиды. Басқа қалалардан келетіндер артады. Солардың жағдайларын жасап, келушілерді көбейтеміз.

Индер ауданында осындай 20-дан аса карьер бар. Кезінде борат өндірілгеннен кейін сол күйінде қалған. Астынан су шығып, арнасы толды. Жағажай ретінде белгіленбесе де, қазір мұнда әр өңірден демалуға келетіндер көп.

Артур Мурзин,  Индер ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізге бұл бойынша аудандық ТЖД-дан арнайы жағажай деп белгіленбегендіктен оны жауып тастау туралы да ұсыныс келген. Алайда біз халықтың қазіргі таңда демалысын, сонымен қатар туризмді дамыту мақсатында, инвестиция тарту мақсатында біз бұл орынды жапқан жоқпыз. Алға қарай мұны тиімді пайдалану мақсатын көздеп отырмыз.

Мұндағы судың денсаулыққа зияны жоқ,- дейді санитар мамандар. Жуырда ауданда дәл осы карьерде триатлоннан жарыс өткізу жоспарланып отыр. Осылайша ауданның әлеуетін арттырып, туризмін дамыту көзделген. Сондай-ақ қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілмек.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзаков, Жандос Рахметуллин, 24KZ