Елордада 3000-нан астам адам еңбек жәрмеңкесіне қатысты
Елордада «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырды, деп хабарлайды 24kz.
Шараға 3 мыңға жуық адам қатысты. Жастар ұлттық компаниялардан бастап 70-тен астам өнеркәсіптік кәсіпорын өкілдерімен бетпе-бет сөйлесті. Олар жұмысқа орналасу мүмкіндігін пайдаланып, алғашқы сұхбаттан да өтті. «Жастар рухының» бұл бастамасы еліміздің барлық облыс орталығында өтіп жатыр. Соңғы екі жылда өткізілген 1,5 мыңнан астам іс-шара 150 мыңға жуық азаматты қамтыды. 200-ге жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 5200 ұйым қатысып, 55 мыңнан астам жас жұмысқа орналасты.
Ақерке Ескендірова, «Amanat» партиясы «жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Бүгінде жастарды жұмыспен қамту өте маңызды. Сондықтан біз осындай ашық алаң ұйымдастырдық. Бұл жерде жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер бір алаңда жиналып, осы жерде байланыс орната алады. Ең басты мақсатымыз – жастар әрбір компанияға барып, жұмыс іздеп жүру емес. Осы жерге күшті компанияларды шақырып, жақсы вакансияларды ұсынып, жастарға жағдай жасау.