Биыл жылу желілерін жөндеуге ₸129 млрд бағытталады

Қыс алдындағы қарбалас.

Жылыту маусымына дейін барлық жөндеу кестеге сай аяқталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.Оның айтуынша, биыл жылу желілерін жөндеу мен реконструкциялауға 130 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталады. Оның ішінде 104,2 млрд теңге бюджет қаражаты және қалған 25,2 млрд теңге кәсіпорындардың тарифтік сметасы шеңберінде жұмсалады. Бұдан бөлек биыл электр станцияларында 10 энергия блогын, 63 қазандық пен 39 турбинаға жөндеу жүргізу жоспарда бар. Қазір оның бір бөлігі аяқталып, қалғаны кестеге сай жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарына 376 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Сондай-ақ 17 мың шақырым электр желісі, 420 қосалқы стансаны жөндеу көзделіп отыр. 

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі: 

- Электр беру желілерінің 77%-ы, қосалқы стансалардың 68%-ы және тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы стансалардың 73%-ы жөнделді. Жылумен жабдықтау желілерінде 323 шақырым жылу желілерін  реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланған. 215 шақырым немесе 66% орындалды. Барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады.