Қазақстан мен Жапония ғылыми ынтымақтастықты нығайтуда
Қазақстандық ғалымдар жүргізген зерттеулер халықаралық деңгейде мойындалды.
Зерттеу нәтижелері термоядролық энергетиканы дамыту және реакторларды отынмен қамтамасыз ету міндетін шешу үшін маңызды. Ядролық физика институтының ғалымдары Токиода Жапонияның атом энергетикасы саласындағы жобаларға маманданған және термоядролық технологиялар жөніндегі халықаралық зерттеулерді үйлестіретін компания өкілдерімен кездесті. Тараптар Алматыдағы Ядролық физика институты базасында орналасқан бірегей көпмақсатты зерттеу реакторында жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобаларды талқылады. Бұл зерттеулер Жапонияның Кванттық ғылым және технологиялар ұлттық институтының тапсырысы бойынша жүргізілді. Ғылыми сапар аясында Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Жапония Атом энергиясы агенттігінің президенті Масанори Когучимен кездесті. Тараптар экологиялық таза энергетиканы дамыту жобасы аясында жаңа зерттеу кезеңіне дайындықты талқылады.