ШҚО-да ескі үйлердің қасбеті жаңғыртылып жатыр
Шығыс Қазақстандағы Алтай қаласында ескі үйлердің қасбетіне жөндеу жүргізіліп жатыр.
Өткен ғасырдың орта тұсында салынған көпқабатты үйлер әбден ескірген. Қатонқарағай, Берел қорғандары, Рахман бұлақтары сынды туристік нысандарға баратын жолдың бойындағы қалаға туристер көп келеді. «Сондықтан шаһардың сәулетін қалыпқа келтіру маңызды», - дейді жауаптылар.
Алтайда кетеуі кеткен баспана көп. Қала басшылығы алдымен тұғын үйлердің қасбетін қалыпқа келтіріп жатыр. «Бұл оңай шаруа емес», - дейді жұмысшылар. Өйткені ескі қабырғалар түртіп қалсаң қопарылып, сылағы түсіп жатыр. Қайта тегістеуге көп уақыт кетеді. Оның үстіне ауа-райы да жұмысқа қолайсыз болып тұр.
Олжас Көккөзов, жұмысшы:
- Бір жұманың ішінде 2-3 күн жаңбыр жауады. Ал біз жаңбырлы күні жұмыс істей алмаймыз. Жаңбыр астында істесек сапасы ойдағыдай болмайды. Мынаның барлығы «расствор» ғой, ағып кетеді, жарылады.
Былтыр алты үйдің сырты жаңарса, биыл орталықтағы ең үлкен екі тұрғын үйдің қасбеті әрленеді. Бұл жұмыстарға 70 млн теңге жұмсалады.
Сергей Охременко, қала әкімі:
- Жаңарту жұмыстарын орталықтағы үйлерден бастап тұрмыз. Әрине аз қаражат кетіп жатқан жоқ, бірақ бұл істі жалғастырудың қала үшін маңызы зор. Өйткені шаһардың туристік әлеуеті зор, ендеше келбеті де соған сай болуы қажет.
Бояудың реңкі қала белсенділерімен ақылдаса таңдалды. Жоғарғы жағы ақ сары түс болса,төменгі бөлігі одан қоюлау болады.Тұрғындар өзгерісті бағалап үлгерді.
Мариям Темірғалиева, қала тұрғыны:
- Қасбеттің жарқырап тұруы эстетикалық талғамды қалыптастырады. Алтай жол бойында тұрған соң әрі-бері өткен туристер жиі соғады. Сондықтан осындай жаңа леп керек деп ойлаймын.
Десек те қасбетті жаңалау тұрғын үй қорындағы мәселені түбегейлі шешпейді. Алтай қаласында 470 көпқабатты үй болса, соның 300-ден астамы осыдан 75 жыл бұрын салынған.Қазір қасбеті жаңартылып жатқан мына көне баспананың ішкі жағы мынадай халде. Бұл қабырғаларды жөндеп қалыпқа келтіруге тұрғындар атсалысу керек. «Алайда әзірге ниет білдіріп жатқандар аз», - дейді мамандар.
Жомарт Дәуенов қасбеті боялып жатқан үйде тұрады. «Жертөленің жағдайы сын көтермейді», - дейді. Аулада да атқарылуы тиіс жұмыс көп. Тұрғындардың жөндеуге шамасы жетпейді.
Жомарт Дәуенов, қала тұрғыны:
- Оны өз күшімізбен істей алмаймыз, қалтамыз көтермейді. Мұны тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы толқытай міндетіне алуы керек деп ойлаймын.
Қалада әлі жүздеген үйдің сырты жаңартылуы керек. Алайда бұл жұмыстар қаржының бөлінуіне қарай, кезең-кезеңмен іске аспақ.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, 24KZ