Ұлытау облысында «Келешек мектебіне» газ тартылды

«QAZAQGAZ» Ұлттық компаниясының қолдауымен Ұлытау облысындағы «Келешек мектебі» көгілдір отынға қосылды.

300 орындық заманауи білім ордасы Қабанбай ауылында орналасқан. Мектепті газға қосу рәсіміне QAZAQGAZ-дың басқарма төрағасы Санжар Жаркешов қатысты. Сонымен қатар қаладағы газ шаруашылығының жылу маусымына дайындығы тексеріліп, жұмысшыларға арналған вахталық қалашықтың құрылысы таныстырылды.

Қабанбай ауылындағы оқушылар осыған дейін Жезқазғандағы мектепке  қатынап келген. Енді олар 1 қыркүйекті заманауи мектепте қарсы алады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен салынған білім ұясы көгілдір отынмен жылытылады. Бұл экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, әлеуметтік нысанды үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік береді.

Санжар Жаркешов,  «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Жаңаарқа және басқа да аудандар жақында газға қосылады деген ойдамыз. Өйткені облыс әкімі мердігер компаниясымен біраз мәселені шешті. Бұйырса Жаңаарқа ауданында құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Біздің ұлттық компания ол жобада газбен қамтамасыз етеді. 

Ірі кәсіпорындар газбен жұмыс істеп тұр

Ұлытау облысында газдандыру жұмыстары 2021 жылы басталған. Қазір  Талап ауылы мен Жезқазғанға қарасты бірнеше шағын аудан тұрғындары көгілдір отын тұтынып отыр. Жыл соңына дейін Кеңгір ауылына газ жеткізіледі. Бұдан бөлек бірнеше ірі кәсіпорын мен әлеуметтік нысандар қосылды. Солардың бірі – Жезқазған мыс қорыту зауыты. Мұндағы негізгі балқыту пештерінен бөлек 16 нысан көгілдір отынмен жұмыс істеп тұр.

Ғабит Байтоқов, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас энергетигі:

- Газға ауысқалы қоршаған ортаға тарайтын шығарындылар көлемі шамамен 12 пайызға азайды. Зауыттағы тағы бір үлкен бөлімше жақында газға көшіріледі. Ол кезде зиянды заттар көлемі 80 процентке дейін азаяды деген болжам жасап отырмыз.

«QazaqGaz» вахталық қалашық салып жатыр

Қызылорда мен Астана арасын жалғайтын «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының жартысы Ұлытау шекарасымен өтеді. Қазір оған қызмет көрсететін жұмысшылар үшін вахталық қалашық салынып жатыр. Мұнда жатақхана, асхана, жаттығу залы мен ем-дом кабинеті болады.  

Санжар Жаркешов, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

 - Жаңа вахталық қалашық салынып жатыр. Бұл біздің Ұлытау өңіріне, Жезқазған қаласына үлкен қолдауымыз. Атырау қаласында жатақханаға толықтай жөндеу жұмыстарын жасап жатырмыз. Теміртау қаласында жаңа вахталық қалашық салынуда. Жұмысшы адамдарымыздың жағдайы жақсы болу керек.

Вахталық қалашықтың құрылысы қараша айында аяқталады. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов жауапты мамандарға құрылыстың сапалы орындалуын басты назарға алуды тапсырды. Жалпы биыл «QAZAQGAZ» ел бойынша осындай үлгіде 47 нысан салып жатыр.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, 24KZ