БҚО-да кадр резервіне 30 жас маман іріктелді

Былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілді.

Мұндай қадам жаңашыл ойлайтын жас басқарушылар тобын қалыптастыру үшін жасалды. Батыс Қазақстан облысында 423 үміткердің ішінен 30 жас кадр резервіне  алынса, соның 7-і күні бүгін түрлі басшылық қызметтерге тағайындалды.

Теректі аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Төлеген Қайырғалиев биыл облыстық қоғамдық даму басқармасына ауысты. Оның еңбек жолындағы өзгеріс өңірлік кадр резервіне құжат тапсырған күннен басталды. Төлеген 423 үміткердің арасынан шоқтығы биік шыққан 30 жастың бірі.

Төлеген Қайырғалиев, Қоғамдық даму басқармасының бас маманы:

- Бақ пен баптың арқасында резервке тағайындалдық. Бірнеше кезеңнен өттік. Астана қаласына бардық. Облыс әкімінің алдында жоба қорғадық. Жалпы резерв маған тәжірибемді, кәсіби мүмкіндігімді көтеруге ықпалын тигізді және де жаңа орта, жаңа таныстар кездестірдік.

Өңірлік кадр резервіне іріктеу 7 бағыт бойынша жүреді. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, еңбек өтілі 3 жылға толған   азаматтар қатыса алады.

Дәурен Хайыров, Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары:

- Басты мақсат - жастарымызға әлеуметтік лифт және оларға басқаруға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар мемлекеттік басқаруға жаңаша ойлайтын жастарды тарту. Енді қандай мүмкіндіктер дегенде бізде мемлекеттік қызметке конкурспен кіреді. Ал заңнамамен бұл азаматтарымызға резервшілерге конкурссыз тағайындау, тікелей басшы лауазымдарға тағайындау мүмкіндігі беріледі. Іріктеудің бірінші кезеңі былтыр 2024 жылы   болса, келесі жылы тағы кезеңі болады.

Өңірлік кадр резервіне 30 жас маман іріктелсе, соның ішінде 15-і түрлі мемлекеттік лауазымдарға жоғарылаған. Ал 7-і басшылық қызметке тағайындалды.