Еліміздегі мектептердің 20% жуығын полиция қашықтан бақылай алмайды
Елдегі білім беру мекемелерінің 20%-ке жуығында бейнекамералар жедел басқару орталығына қосылмаған, деп хабарлайды 24kz.
Биыл антитеррорлық талаптарға қатысты жүргізілген тексеріс нәтижесінде 800-ден астам кемшілік анықталды. Тиісті органдар жаңа оқу жылына дейін олқылықтарды жоюы тиіс.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Біз Астанадағы мектептердің біріндеміз. Мұнда турникет орнатылған. Педагогтар мен оқушылар биометриялық жүйе арқылы тексеріледі. Яғни, бөгде адам кіре алмайды.
Мектеп басшылығының рұқсатымен ғана ғимаратқа кірдік. Жалпы мектептер турникетпен ғана емес, дабыл түймесімен, бейнебақылау камерасымен қамтылуы тиіс. Ал камералар жедел басқару орталығына қосылуы қажет.
Министрліктің мәліметінше, полиция білім беру мекемелерінің 82%-ін ғана қашықтан бақылай алады.
Әділбек Мәлікұлы, «Зерде» мектебі директорының міндетін атқарушы:
- Комиссия келіп кетті. Қазіргі таңда қауіпсіздік жағынан жаңа оқу жылына дайынбыз. Антитеррор қауіпсіздігі болсын, өрт қауіпсіздігі болсын. Мектебіміз 110-ға жуық камерамен жабдықталған. Соның ішінде 24-і Ішкі істер департаментіне қосылған.
Ішкі істер министрлігі биыл антитеррорлық қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша 1700-ден астам мектепті тексерген. Нәтижесінде 800-ден астам кемшілік анықталды. 141 басшы жауапқа тартылып, оларға 43 млн теңге айыппұл салынған. Бірінші вице-министр бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосу көрсеткіші жағынан көш соңындағы аймақтарды атады.
Бауыржан Әленов, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
- Ең нашар көрсеткіш Жамбыл облысында. Полицияға тек 16%-і қосылған. Сондай-ақ бірде бір мемлекеттік білім беру ұйымы қосылмаған. Түркістан облысында 50%. Оның ішінде жекеменшік объектілер бойынша тек 17%-і.
Жедел басқару орталығына бірде-бір мемлекеттік білім беру ұйымы қосылмаған Жамбыл облысының әкімдігіне сауал жолдадық. Басқарма маманы бұл бағытта өңір қазынасынан қаражат бөлінгенін айтып, межелі мерзімге дейін тиісті жұмыстардың аяқталатынын алға тартты.
Мирас Әбдікей, Жамбыл облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 733,2 млн теңге бөлінген. Алдағы басты меже білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйелерін орталықтандырылған басқару жүйесіне 100% оқу жылының басына дейін қосу.
Контингенті жүз адамнан асатын мектептердің барлығында дәл осы қауіпсіздік талаптары орындалуы қажет. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес білім беру мекемелерінің 98%-і турникетпен және 96%-і дабыл батырмасымен қамтылған. Бұл тұста жеке мектептердің шамамен үштен бірі жаңа оқу жылына дайын болмай шықты.
Тимур Қастуғанов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы:
- Мысал ретінде, турникет бар, бірақ бейнекамералар жедел басқару орталығына қосылмаған. Сондықтан біз осы бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мерзімі қойылды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы жеке білім беру ұйымдары 1 қыркүйекке дейін 100% қамтылуы керек.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Білім сапасымен қатар балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Үкімет басшысы тиісті мерзім ішінде мектептерді құрал-жабдықтармен қамтуды тапсырды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Самат Қазанбай, Жандос Битабаров