Қазақтың заңы: ғұрыптық дәстүрден құқықтық мемлекеттілікке дейін
Заманына қарай заңы. Қазіргі Конституция көп ғасырлық тарихты таразылай отырып, қазақы танымға татымдысын алған. Себебі біз бәтуалы билерден, талайдан бәсі басым хандардан кенде емеспіз. Елдік пен ерлікті, мәрттік пен мәртебені жалау еткен сан ғасырлық тарихи жолымыз бар. Әуелде әдет-ғұрыпқа негізделген дала заңы бірте-бірте демократиялық, зайырлы әрі құқықтық мемлекет құруға ұласты.
Заң – ноқта. Тәртіп пен талап болмай, қоғам оңбайды. Бабалар дәуіріне бойласақ та бап болған. «Қасым ханның қасқа жолы» – қазақтың алғашқы құқықтық құжаты. Жылқы маңдайындағы ақ теңбілді «қасқа» дейді. Яғни, туралық мағынасындағы заң. Құранға қайшы емес, ұлттық әдет-ғұрып сақталып, көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігі мен ой-көзқарасына орайластырылған. Енді «Есім ханның ескі жолы» деген екінші заң бар. Заман зауқына қарай өлген кісіге құн төлеу, өнер мен сүйек құндары, жесір және мал-мүлік даулары қайта парықталған. Ал, Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» қылмыстық құқық нормалары көбірек қамтылды. Кісі өлтіру, мертіктіру, әйелге озбырлық, ұрлыққа қатысты жаза кесілген. Қылмыстық істерді билер соты қараған. «Жеті жарғы» XIX ғасырдың ортасы, тіпті ішінара Қазан төңкерісіне дейін қолданылған.
Жамаладен Ибрагимов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры:
- Әрқашанда адамның еркін өмір сүруі, адамның құқын тепе-тең ескеру. Міне, осы негіздерден қазақтың Конституциясы тарайды. Одан кейін, әрине, қазақ қоғамында қызмет еткен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді билікке келген қазақтың хандары біріктірді, жүйеледі.
Егемендік алған кезде жаңа жарғы жазылды. Бірақ 1993 жылғы алғашқы құжат кеңестік өлшеммен пішілген еді. Ендігісі, яғни 1995 жылғы Ата заң егжей-тегжей зерделенді. 20 шақты елдің тәжірибесін сүзгіден өткізді. Сөйтіп, сүрінбейтін сүрлеуге түсу негізгі мұратымыз еді. Бабалар жолы басшылыққа алынып, француздардың Конституциясы бағдар болды. Заңның әуелгі нұсқасында жарияланғанда 98 баптың 55-і қайта өзгерді. 1100 түзету енгізілді. Талқылауға 3 млн 300 мыңнан аса адам атсалысты.
Риззат Тасым, Халықаралық қатынастар сарапшысы:
- 1993 жылғы Конституция, кейін оны сарапшылар да, академиялық қауым мойындап отыр. Алдағы қоғамның дамуы, сұранысын қанағанттандырмады. Сосын 1995 жылғы Конституция орнықты. Ол да біздің мемлекет ретінде нығайып, дамуымызға септігін тигізді деп сеніммен айта аламыз. Бірақ Конституция – тірі организм. Ол да қоғамдық мәселеге байланысты өзгерсіке, құбылысқа ұшырайды. Оны заңды құбылыс ретінде қабылдау керек. Сондай тиктоникалық өзгерістер 22 жылға түсті.
1995 жылғы Конституция президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сәйкес келді. Ал, 2022 жылғы реформа негізінде, керісінше, Президенттің өкілеттігі шектеліп, ықпалды Парламент, есепті Үкімет нұсқасына көшті.
Марғұлан Ермағанбетұлы, заңгер:
- Еліміздегі көптеген өзгерістерге әкелді. Мысалы мынау саяси партияларға қатысты. Қоғамдық ұйымдардың жұмысын реттеуге көптеген жақсы бастамалар болды. Мысалы «еститін мемлекет» концепциясының өзін іске асыру Конституциялық өзгерістерге әкелді. Президенттің туыс-туғандары, кезінде отырды ғой үлкен билікте. Қазір Конституциямен бекітілді, ешқандай билікте отырмайды. Өйткені көптеген жемқорлық, кейде тіпті адамдардың құқы тапталған кездер болды.
Жаңа әрі әділетті Қазақстан. Заң мен тәртіп. Бұлар Конституция атты кеменің ақ желкені.
Олжас Төлеумұратов, Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының аналитик менеджері:
- Сарапшылардың пікірінше, соңғы Конституция қоғамдық, саяси тренд пен үрдістерге сай келеді. Қазіргі уақыттың сын-қатерлері де ескеріліп, өткен қателіктерден де сабақ алынған. Мысалы Конституциялық соттың қайтарылуы. Адам құқықтары жөніндегі институтты қалыптастыру. Азаматтық қоғамның рөлін айта аламыз. Яғни, ішкі және сыртқы саясатқа да қолайлы құқықтық құжат.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң Парламент арқылы қабылданып жатыр немесе министрдің қаулысы арқылы шығуы мүмкін. Президенттің Жарлығы арқылы шығып келуі мүмкін. Осындай заңдардың ішінде азаматтардың құқығын бұзатын тұс кездесетін болса, онда Конституциялық сотқа заңды береді. Заңды даулап береді. Оны 20 млн халықтың бәрі бере алатын мүмкіндікке ие болды.
Қысқасы, Конституцияда биліктің мүддесінен гөрі халықтың қалауы мен құқы қазықтай қағылған. Бірақ заң бар да, кейін құқықтық-нормативтік актілер бар. Әттеген айлар көбіне содан кетеді. Демек, қабылданған кодекстен түңілмеу үшін алдымен Ата заңға терең үңілу керек.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Өрден Жарқын, Самат Қазанбаев