Білім күні 8 «Келешек мектебі» ашылады

Түркістан облысында биыл 16 «Келешек мектебі» қолданысқа беріледі.

Соның екеуі Сарыағаш ауданында жаңа оқу жылында есігін ашады. «Заманауи білім ұялары өңірдегі үш ауысымдық және апатты мектептер мәселесін шешуге ықпал етеді», - дейді білім басқармасының мамандары.

Сарыағаштағы 900 орындық мына мектеп 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға толық дайын. Білім ұясы қажетті барлық құралдармен жабдықталған. Тіпті түрлі үйірмелер мен тігін кабинеттері де бар.

Асылбек Тұрғынбаев, мердігер:

- Мектепте химия, физика, география, биология кабинеттер зертханалармен бірге қарастырылған. Барлығының құрал-жабдықтары келген. Қазіргі таңда орналастырып жатырмыз. Жұмыстар толықтай аяқталып қалды. Тазалық жұмыстары жүріп жатыр. 1 қыркүйекке оқушыларды толық кіргіземіз.

Мектеп ауласында стадион, балалар ойнайтын алаңдар бар. Аудандық білім бөлімі мамандарының айтуынша, жаңа оқу жылында Сарыағашта тағы бір 900 орындық «Келешек мектебі» ашылады. Соның нәтижесінде екі ауысымды мектептер бір ауысымға көшпек.

Айбек Тұрсынбаев, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Төртінші «Келешек мектебіміз» Сарыағаш қаласында орналасқан. 300 орындық. Оның құрылысы ақталуға жақын. Дегенмен биылғы оқу жылының екінші тоқсанында беру жоспарлануда. Жақын орналасқан мектептердегі оқушылар осында ауысады. Ал халыққа, ата-аналарға тиімді болу үшін қалалық автобус маршруттарымыз осы мектептің алдынан жүргізуді жоспарлап, бекітіліп отыр.

Облыс бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 29 жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Былтыр 13 мектеп пайдалануға берілген. 

Ғалымжан Орынов, Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Бізде үш ауысымды екі мектеп, бір апатты жағдайдағы мектеп бар. Облыста 115 мектеп реновация тізіміне енген. Биыл 41 мектеп жаңғартудан өтіп жатыр. 2026-2027 жылдары қалған мектептер толық жаңғартудан өтеді. Осы күрделі жөндеу барысында үш ауысымды, апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі шешіледі.

Бұдан бөлек облыс бюджеті есебінен 59 мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы биыл 100 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, 24KZ