Алтай балы Еуропаға экспортталады

Алтай  балы Еуропа елдеріне де экспортталатын болды. Бұрын   Қытай мен Орта Азия мемлекеттеріне ғана шығарылатын.  

Бал өндірумен айналысатын кәсіпорындар қазір келісімшарқа отырып, дайындыққа кірісіп кетті. Бұл омарташылар   үшін  серпіліс  болмақ, дейді сарапшылар. Өйткені  Шығыс Қазақстан бал өндірісі бойынша елімізде алғашқы орында тұр. 

«Шығыс Қазақстандық балға шетелдіктерден сұраныс жоғары.  Олар табиғи тәттінің тіл үйірер дәмін, хош  иісі мен  экологиялық тазалығын жоғары бағалап отыр»,- дейді сарапшылар. Өңірде 86   шаруашылық омарташылықпен айналысады. Олар 101 мыңнан астам ара ұясын ұстап отыр. Соның 31 мыңнан астамы- асыл тұқымды.   Глубокое ауданы Тарханка ауылындағы мына цехта осы аумақтағы  ең жоғарғы сұрыпты бал жиналады. Соңғы бес жылдан бері Қытайға өнім экспорттап отыр.

Людмила Полковникова, цех жұмысшысы:

- Бұл жерде әр ісімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Өйткені өнімдер шет елге жол тартады. Әзірше Қытайға дайындап жатырмыз. Құтыға құйылған әрбір балдың сапасы да сыртқы сәні де, дәмі де маңызды.

Кәсіпорынның  Қытаймен сауда-саттығы оң жолға қойылған. Осы күнге дейін көрші елге 15 тоннаға жуық бал тасымалдады. Десе де өнімді шетке шығару оңай шаруа емес. Алдымен ол елге балдың әр түрінен сынама жіберіледі. Қабылдаушы жақ жіті зерттеуден өткізеді.

Галина Астанина, өндіріс бастығы:

- Шет елге тек биыл ғана жиналған бал жіберіледі. Жібермес үшін  ең алдымен өзіміз  талдап, саралаймыз. Түрлерін ажыратамыз. Оның құрамында ешқандай артық қоспа болмауы тиіс. Сондықтан әр тамшы балға мұқият қараймыз.Тек тапсырыс беруші мақұлдаған соң ғана негізгі жүк жолға шығады.

Енді өндіріс орнының жауапкершілігі еселеп артты. Себебі елімізде алғаш болып балды Европа елдеріне экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Жалпы соңғы жылдары омарташылыққа мемлекет тарапынан қолдау көбейді. Мәселен соңғы екі жылда 245 млн теңге субсидия бөлінді.

Дамир Мамиев,  ШҚО Ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұрын өндіріс үшін деп төленетін, қазір сату үшін 1 кг балға 200 теңге субсидия төлейміз және «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023 жылы басталды. Бағдарлама аясында 11 жобаға несие берілді.

«Былтыр өлкеде 3 мың тонна бал өндірілсе, 20 тоннаға жуығы экспортталды. Биыл да өнім мол  болады деген болжам бар»,- дейді омарташылар. Экспорт бойынша Ұлттық оператор мәліметіне сай, қазір Венгрияға елімізден 20 тонна бал жеткізу мәселесі талқыланып жатыр. Оның ішінде Алтай  балы да бар.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, 24KZ