Қазақстандық жас орындаушылар жүлделі оралды
«Жаңа толқын – 2025» байқауында еліміздің намысын қорғап, жүлделі орынға ие болған Александр Лим мен Ерназар Жұбан елге оралды.
Әншілерді бүгін туыстары, әріптестері мен жанкүйерлері Алматы әуежайында күтіп алды. Халықаралық музыкалық дода Татарстан астанасы Қазан қаласында өтті. Жас орындаушылар 3 күн бойы каверлер мен авторлық әндерін орындап, вокалдық шеберлігін көрсетті.
Бұл жеңістің жөні бөлек. 23 жыл қатарынан өтіп келе жатқан «Жаңа толқын» байқауында тұңғыш рет Қазақстанға жүлделі бірінші орын бұйырды. «Кепка киген сол бір жігіт» Александр Лим өзгелерден оза шауып, жеңімпаз атанды. Ақтық сында ол «Забывай» атты әнін орындап, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Айта кету керек, Александрды бұл конкурсқа қатысуға танымал музыкант Игорь Крутой өзі шақырған.
Александр Лим, «Жаңа толқын – 2025» байқауының жеңімпазы:
- Конкурстың бірінші күні елдегі хит әнді орындадым. Маған «Сибирские морозы» әніне біздің стильде сәл өзгеше аранжировка жасауға кеңес берді. Қалған екі конкурс күнінде авторлық композициялар болды. Менде ондай ән көп емес, сондықтан таңдау аса қиын болған жоқ.
Халықаралық байқауда үшінші орын алған Жұбан Ерназар алғашқы күні «А'Студио» тобының халықтың жүрегінен орын алған «Улетаю» әнін жаңа өңдеуде орындады. Екінші бөлімде Байғали Серкебаевтың, Жұбан Ерназарға арнайы жазған жаңа туындысы ұсынылды. Қорытынды кезеңде Хамит Жанғалиевтің әуеніне жазылған «Үзілмес үміт» әні Ерназардың бағын жақты.
Ерназар Жұбан, «Жаңа толқын – 2025» байқауының жеңімпазы:
- Конкурс өте жақсы өтті. Бірінші турда 11-ші орында болдым. Екінші турда 9-ға көтерілдім. Үшінші турда 3-ші орынға қадам жасап. Барлығы орыс тілінде болды. Мен және Грузиядан бір бала өз ана тілімізде ән шырқадық.
Байғали Серкебаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор:
- Бұл – қуанышты жағдай. Александр мен Ерназар жарады! Жігіттерді құттықттаймын. Керемет өнер көрсетті. Сондай-ақ осы сәтті пайдаланып, біздің «Қайрат» командасын да құттықтағым келеді! Шынымды айтсам концертке де, «Қайраттың» ойынына да алаңдап отырдым.
Биыл «Жаңа толқын-2025» байқауында 6 мемлекеттен - Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан және Ресейден келген 13 талантты жас орындаушы бақ сынады. Музыка мерекесі Қазан қаласында арнайы тұрғызылған New Wave Hall концерт залында өтті.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев, 24KZ