Қызылордада білім саласындағы жаңашылдықтар талқыланды

Жаңа оқу жылының басында еліміз бойынша 83 мектеп ашылады, деп хабарлайды 24kz.

Нәтижесінде бірнеше облыста үш ауысымды білім беретін мектептер мәселесі шешіледі. Сондай-ақ биыл жасанды интеллект негіздері оқытыла бастайды. Білім беру саласындағы жаңашылдықтар Қызылордада өткен республикалық семинар-кеңесте айтылды. Жиында әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының тиімділігін арттыру мәселесі жан-жақты талқыланды. Семинар жұмысына Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты. Екі күнге жалғасқан шараға барлық өңірден делегаттар келді.

Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен республикалық семинар-кеңестің алғашқы күні аймақтардың жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды. Биыл мектептерде жасанды интеллект негіздері оқытыла бастайды. Білім беру әдістемелері де жаңарады. Жұмысшы мамандықтар жылына орай да өзгерістер бар.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Біз биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 150 мың студентке тегін оқуға грант бөлеміз. Осы жұмыстардың барлығын өңірлер қалай атқарып жатыр, соны қарап шықтық. Дайындығымыз жоғары.

Жаңа оқу жылына орай елімізде 83 мектеп ашылады. Бұл – әлеуметтік салаға бөлініп жатқан қаржының қомақты екенінің бір дәлелі. Дегенмен, оның қалай игеріліп жатқанына қатысты сұрақ көп.

Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Әлеуметтік саладағы жұмсалатын ақша 43%-тен асып кетті. Оны әрине, ақылмен пайдалану керек. Соңғы 6 айдың ішінде біз 43%-ті 38%-ке жеткіздік. Бірақ жалпы сома бойынша қарастырсақ, бұрынғы қалпында қалған. Бірақ ішінде сол ақшаны нақты істерге жұмсайтын болдық.

***

Әлеуметтік салаға бөлінетін қаржының тиімділігін арттыру маңызды

Ермек Көшербаев әлеуметтік сала бюджетінің тиімділігін арттыруда Қызылорда облысының тәжірибесін үлгі етті. Жеке балабақша, мектеп пен үйірмелерге жүргізілген ауқымды маниторнигтен кейін аймақта соңғы 3 жылда 100 миллиард теңге қаржы үнемделген.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бақылауды қолға алып, талап қойып, ұрланып жатқан ақшаны тоқтатып, тексертіп, оны басқа бағытқа жұмсау, қосымша республикадан ақшаны сұрамай, ол жақсы тәжірибе деп есептеймін.

Айгүл Дүйсенова, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты:

- Соның нәтижесінде, міне, керемет объектілер салынған екен. Шығармашылық, медициналық, спорттық, білім саласындағы объектілер.

***

Әлеуметтік салаға бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі

Жуырда әлеуметтік салаға бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі. Жаңа технология арқылы білім, денсаулық, спорт салаларындағы қаржының игерілу барысы бақыланатын болады.

Альмира Мусинова, ШҚО бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Цифрлық платформаға енгізілетін қазіргі жаңашыл әрекеттер әлеуметтік масылдықты жоюға ең бірінші бізге көмек болады.

Данияр Жаналинов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Әр өңірде өзінің озық тәжірибелері бар ғой. Сондықтан бүгінгі семинарымыз нәтижелі өтуі тек біздің ғана тәжірибеміз емес, әр өңір өзінің озық тәжіребиелерін де айтып, пікір алмастық.

Елімізде әлеуметтік төлемдер қысқартылмайды. Бірақ көмекке шын мұқтаж жандарға ғана берілетін болады. Ермек Көшербаев келелі кеңесті осылай түйіндеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев