Тілектес ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді
Павлодар облысы Аққулы ауданының Тілектес ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Апатты жағдайға жеткен ескі мектептің орнына су жаңа ғимарат тұрғызылды. Жалпы, ауыл мектебін толық жабу туралы мәселе көтеріліп, шешім де шыққан еді. Алайда елді мекеннің тағдырына алаңдаған тұрғындардың талабы ескеріліп, облыс басшылығы жаңа мектеп салып берді. Өңірде жаңа оқу жылында 4 мектеп ел игілігіне тапсырылады. Оның үшеуі ауылдарда инвесторлардың қаржысына салынды.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына ауылдықтар түгел жиналды. Мектеп жабылып қала ма деп алаңдаған жұрттың көңілі орнына түсті.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
- Көктемде Тілектес ауылының халқымен кездескенде өз тарапымыздан сөз беріп, жаңа білім шаңырағын көтереміз деген уәде болды. Енді баршаңызға жаңа мектеп құтты болсын. Елге қызмет ететін азамат пен азаматшалар осы мектептен де қанат қағып шығады деп сенемін.
Мектеп 70 орынға есептелген. 10 оқу кабинеті, спорт залы, акт залы және асхана бар. Заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинеттер оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.
Дарина Такирова, мектеп оқушысы:
- Кітапханасы керемет. Маған ұнады. Спорт залы кең. Мұндай мектепте оқу әрбір ауыл баласының арманы және біз сол арманымызға жеттік.
Жаңа оқу жылында мектепте 52 оқушы білім алады. Сонымен қатар, 10 бала мектеп жанындағы шағын орталыққа барады. Бұрынғы мектепте спорт залы болмаған еді. Жаңа нысанда барлық жағдай жасалған.
Айнұр Бекбауова, Тілектес ауылдық мектебінің директоры:
- Мектепте 17 мұғалім жұмыс істейді. Барлық маман қамтылған, осындай мектепті көп жыл бойы армандадық.
Мектеп құрылысын жүргізген инвестор білім ошағын қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етті. Сонымен қатар барлық 52 оқушыға бірыңғай мектеп формасы мен спорттық киім сыйлады.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков, 24KZ