Атырауда 900 орындық «Келешек мектебі» ашылды

Конституция күні қарсаңында Атырауда келешек мектебі ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Бір ауысымда 900 баланы оқытатын жаңа білім ошағы өңірдегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Жұлдыз ықшам ауданындағы балалар мына мектепте үш ауысыммен оқып келді. Енді жаңа оқу жылын жаңа білім ордасында бастайды. Қазірдің өзінде «Келешек мектебі» 1200 баланы қабылдаған. «Сабақ басталғанша олардың саны артады», - дейді мектеп директоры.

Орынгүл Қуандықова, мектеп директоры:

- Бұл жерде 49 кабинет жұмыс жасайды. Қазіргі заман талабына сай жасақталған. Үш спорт залы жұмыс жасайды. Хореография кабинеттері және ерекше балаларға толық мүмкіндік жасалынған. Құжаттар қабылдануда. Қолданыстағы заңдарға сәйкес 31 тамызға дейін біз ата-аналардан құжаттар қабылдаймыз.

Жаңа мектептің ашылуын ата-аналар асыға күтті. Өйткені балалардың сапалы білім алуы маңызды. Жаңа мектепте оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін жеделсаты қарастырылған.

Өтеген Мұрынов, қала тұрғыны:

- Көп күттік осыны. Бұйырса, биыл игілігін көреміз деп жатырмыз. Осы мектепті бастағанына 2 жыл болды. Үйдің қасында көрініп тұрады ғой. Биыл ашылады дегеннен бері күнде қараймыз. Бүгін сол күнге жетіп жатырмыз.

Бұған қоса, екінші тоқсанда «Келешек  мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 білім ордасы пайдалануға беріледі. Тағы 3 мектеп жыл соңында ашылады. Олар Жылыой және Құрманғазы аудандарында бой көтеріп жатыр.

Марат Әбуов, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Өткен жылда 3 келешек мектептің құрылысын тапсырып, балаларымыз жаңа талапқа сай мектептерге орналасты. Оның ішінде Водниково ықшам ауданынан 1200 орындық, Сарыөзек ықшам ауданынан 300 орындық және Береке елді мекенінен 1200 орындық мектептер ашылды. Биылғы жаңа оқу жылында бүгін куә болғандай 900 орындық Жұлдыз-2 ықшам ауданынан мектептің құрылысы тапсырылды. Сонымен қатар Ақсай-2, Жұлдыз-3 елді мекендерінен де осындай 900 орындық мектептердің құрылысы аяқталып қалды.

«2027 жылға дейін үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешіледі», - дейді жауаптылар. Соның арқасында оқушылар жайлы ортада оқуға мүмкіндік алады. Білім сапасы бойынша соңғы орындағы өңір үшін бұл өте маңызды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин