Мектептегі қауіпсіздікті «Ақылды жүйе» қамтамасыз етеді

Шымкент мектептеріндегі бейнебақылау камералары жасанды интеллектінің көмегімен басқарылады.

Мамандардың айтуынша, инновациялық жоба пилоттық режимде сынақтан сәтті өтті. Сондықтан жыл соңына дейін барлық мектепте қолданысқа енеді. Жаңа технологияның артықшылығы қандай? 

Қала мектептерінде қауіпсіздік күшейтілді. Бейнебақылау камераларына «Ақылды жүйе» енгізіліп, полиция департаментінің жедел басқару орталығымен байланысы жетілдіріледі. Инвестициялық жоба аясында қосымша 10 мыңнан астам камера орнатылады.

Болат Есімов, Қызмет көрсетуші компания өкілі:                                   

- Жаңа жоба бойынша «ақылды интелектпен» 31 қазанға дейін бүкілі интеграция жасалады. Осы мектепте пилоттық жоба ретінде жүргізіліп, көрсетілді. Бұл Президенттің жолдауында бар. Баланың қауіпсіздігі бірінші орында. Сол жақта қаралып, жүйе ойластырылып, Шымкент қаласына іске асырылып жатыр.

Нәтижесінде балалар арасындағы бұзақылық азаяды. «Ақылды жүйе» шоғырланған оқушыларды бірден байқап, автоматты жағдайда сигнал береді. Сонымен қатар арнайы тіркеуде тұрған адамдар мектеп маңайына жақындаса қауіп туралы шұғыл хабарлама жолданады. Мамандар мұны қылмыстың алдын алуға бағытталған қауіпсіздік қалқаны деп баға берді.

Рысгүл Ыбраева, қалалық №144 жалпы орта білім беру мектебінің директоры:

- Қазіргі таңда оқу жылының қарсаңында өрт қауіпсіздік жүйелері, SOS батырмалары, барлық бейнебақылау қаншалықты дұрыс жұмыс істеп тұрғанын тексеріп отырмыз. Оқушыларымызды «Face ID» жүйесіне тіркеумен айналысып жатырмыз. 1-қыркүйекке біз толықтай дайын боламыз.

Биыл өңірдегі білім беру ұйымдарына 397 мың бала барады. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп пен балабақша маңындағы жол белгілері жаңартылып жатыр. Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап полицейлер үшін күшейтілген жұмыс кестесі бекітілді.

Асқар Жүзжасаров, қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

- Оқушылардың жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері ерекше қырағылықпен, күшейтілген күн тәртібінде жұмыс атқарады. Жасөспірімдер инспекторы және оперативный блоктан міндетті түрде сотрудниктер тұрады.

Бейнебақылау камераларының байланыс жүйесін жақсарту үшін интернет жылдамдығы жоғарылайды. Жаңа оқу жылынан бастап білім ұялары секундына 150 мегабитпен қамтамасыз етіледі. Ал «Ақылды жүйенің» артықшылығы алдағы уақытта ел аумағында енгізіле бастайды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов, 24KZ