Ақмола облысында 1 млн тонна астық жиналды

Ақмола облысында егін орағы қыза түсті, деп хабарлайды 24kz.

Өңір диқандары айналасы екі аптаның ішінде 1 млн тонна өнім жинаған. Шаруалар барынша қысқа мерзімде бидайды ысырапсыз жинап қамбаға құйып алуға күш жұмылдырып жатыр.

Жақсы ауданындағы «TNK» серіктестігі биыл 200 мың гектардан астам алқапқа дән септі. Оның 90%-і бидай өнімі. Мұнда күзгі жиын-терім науқаны бір апта бұрын басталған. Қазір диқандар бітік шыққан бидайды шашау шығармай қамбаға құйып жатыр.

Григорий Седов, серіктестік директорының орынбасары:

- Биыл өнім былтырға қаранда жақсы. Сапасы да көңіл қуантады. Жұмысқа 25 тамыздан бастап кірістік. Ауа райының қолайлығын барынша пайдаланып жатырмыз. Өнімділік кей алқаптарда гектарынан 25 центнерге дейінге жетіп жатыр.

Биыл аграрлы аймақта 5,5 млн гектар алқапқа дән себілді. Егістікті әртараптандыруға байланысты майлы дақылдардың үлесі 2,5 есеге артқан. Сондай-ақ мемлекет тарапынан шаруаларға айрықша қолдау көрсетіліп жатыр.

Дулат Сердәлі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы Ақмола облысына Үкімет тарапынан 12 млрд теңге қаржы бөлінді. Аталған қаржыға минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға бағытталды. Ол біздің облыс шаруаларының 60% шығынын өтеуге негізделген. Одан қалды Үкімет тарапынан жыл басынан бері 919 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 117 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

Өңірде егін орағына 7500-ден астам комбайн қатысады. «Жанармай да жетеді», - дейді сала мамандары. Себебі Үкіметтен 84 мың тонна жеңілдетілген бағада сұйық отын бөлінді. Биылғы жылы аймақ диқандары 7 млн тоннаға жуық астық жинаудан үмітті.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный