Маңғыстауда 5 мектеп ашылды
Маңғыстау облысында 5 бірдей мектеп пайдалануға берілді.
Оның төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Алдағы тоқсанда тағы бес жаңа оқу орны қолданысқа қосылады. Бұл жайлы облыстық Білім басқармасы хабарлады.
Бұл - Бейнеу ауданы Сам елді мекені. Маңғыстау облысының орталығынан ең алыс жатқан ауылдардың бірі. Бүгін мұнда 300 орындық жаңа мектеп ашылып, тұрғындар білім күнін атап өтті. Айтайық, су жаңа нысанда 151 бала білім алады. 27 оқу кабинеті мен 18 қосымша бөлме арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ логопед пен психолог кабинеттері, спорт және акт залы, асхана, кітапхана, шеберхана, медициналық бөлме мен мұражай бар.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Бұл мектеп мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған. Осындай керемет дүние шалғайдағы Самға да жетіп жатыр. Білім ордасы құтты болсын! Ауылымыз көркейе берсін. Бір заманда заманауи, жаңа технологиямен жабдықталған жаңа мектеп осындай түкпір-түкпірлерге келеді деп кім ойлады?! Осы жерден әлі талай-талай әлемді мойындатқан Самның жастары шығатынына ешқандай күмәнім жоқ.
Мұнайлы ауданы Батыр ауылында да 1200 орындық мектеп бой көтерді. Енді мұндағы 2 мыңнан астам оқушы су жаңа оқу орнында білім алады. Оның 212-і бірінші сыныпқа барған бүрдіршіндер.
Кәмшат Байсагенова, №20 мектеп директорының м.а:
- Бұрын 3 ауысыммен оқитынбыз, қазір осы мектептің ашылуымен 3 ауысымды толықтай жойып отырмыз. Мектеп толықтай заманауи технологиямен қамтылған. Мектебімізде технология, дизайн, үй мәдениет, стем, робота технология кабинеттері бар. Ол кабинеттер балаларға кәсіптік бағдар беруге бағытталған.
Ал аймақта бас-аяғы 157 мектеп жұмыс істеп тұр. Онда 213 мыңнан астам бала білім алуда. Оның 19 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Шернияз Жалғасбекұлы, Саламат Бекбаев, 24KZ