Несиені ерте жапқандар айыппұл төлемейді
Енді несиені кез келген уақытта комиссиясыз төлеуге болады, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, қарызды мерзімнен бұрын қайтарған жағдайда, банктер айыппұл салмайды. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
«Мұндай жаңашылдық азаматтарға төлем борыш жүктемесін азайтуға, несие тарихын жақсартуға және қарыз алушылардың қаржылық орнықтылығын нығайтуға ықпал етеді», - дейді мамандар. Бұған дейін қаржы ұйымдары ерте өтесеңіз де, үстемақы төлеуді талап ете алатын еді. Мәселен 2 миллион теңгені 20% 1 жылға алдыңыз делік. Бірақ оны ерте қайтарғыңыз келсе, банк сол 20%-ті қалған айлардың бәріне айыппұл ретінде төлеуге міндеттейтін. Бұл шамамен 160 мың теңге. Осылайша, түптеп келгенде банк әуелде көздеген табысын алатын. Бірақ 31 тамыздан бастап бұл талап жойылып, жаңа заң күшіне енді.