Қазақстанда жел генераторларына қажетті қосалқы бөлшектер шығарылады

Жамбыл облысында жел электр станциясына қажетті қосалқы бөлшектер шығаратын зауыт іске қосылды.

Өндіріс орнының ашылу салтанаты Қытай астанасында өткен Іскерлік кеңестің 8-ші отырысы аясында өтті. Оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Дин Сюэсян арнайы қатысты. 

Зауытты іске қосу рәсімі телекөпір форматында өтті. Бұл жобаны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Қытайдың SANY Renewable Energy компаниясы бірлесіп жүзеге асырды. Құрылысы 2024 жылы басталған бірегей өндіріс ошағының бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Сонымен қатар жасыл энергияға 5 бірдей жел электр станциясы бар «Самұрық-Энерго» АҚ да белсенді үлес қосып келеді.

Сәкен Пірмаханов, «Самұрық-Қазына инвест» компаниясының бас директоры:

- Зауыттың іші автоматизация түрінде жасалған.  Роботтандырылған. Сондықтан эталондық зауыт деп атауға болады. Өйткені бұл Қазақстандағы ең алғашқы және ТМД бойынша алғашқы зауыт.

Өндірістік база Шу қаласындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кәсіпорын гондола, күпшек, мұнара сияқты жел электр стансасына қажет бөлшектерді шығарады. Жобаны жүзеге асыру еліміздегі жаңа электр стансаларының құрылысын қамтамасыз етіп, «жасыл» энергетиканың дамуына зор үлес қосады.

Люй Юй, Sany renewable energy компаниясы бас директорының орынбасары:

- Бүгін біз үшін тарихи күн. Қазақстандағы алғашқы 8 мегаваттық жел энергетикалық жабдықтар шығаратын зауыт жұмысты бастады. Инвестициялық қолайлы жағдай жасаған Қазақстан үкіметіне және Самұрық-Қазына көрсеткен қолдауға алғысымыз шексіз. Енді екінші және үшінші кезеңін жүзеге асыруымыз керек.

Зауыт толық іске қосылғанда 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал қуаты жылына 250 бірлік құрал-жабдық шығаруға жетеді. Өндіріс көлемі алдағы 7 жылда 30 пайызға дейін артады.

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын, 24KZ