Шымкентте жаңа мектептің спорт залы апатты жағдайда тұр
Үш ауысымдық мектептер мәселесі оң шешілгелі тұр делік. Ал, апаттық жағдайдағы білім ошақтары қалай болмақ? Мәселен, Шымкентте жаңа мектептің спорт залы апатты деп саналады.
Техникалық сараптама қорытындысы нысанды қауіпті деп таныды. Қазір мектептің бір бөлігі жабылып, жан-жағына қоршау қойылды. Құрылыстың сапасы неге сыр берді?
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қала іргесіндегі №125 типтік үлгідегі мектеп 2300 оқушыға арналған. Алайда қолданысқа берілгеніне 8 жылдан асқанда ғимараттың сапасы сыр берді. Бала өміріне алаңдаған білім ошағының басшылығы спорт залында сабақ өткізуге тыйым салды.
Енді оқушылардың денешынықтыру сабағы ашық спорт алаңы мен оқу кабинеттерінде өткізіледі. Педагогтардың айтуынша, оған мектеп тұрған аумақтың жер асты суы бірнеше рет көтерілгені себеп. Салдарынан спорт залдың едені шөгіп, бастапқы қалпынан бір қарыс төмендеген. Апаттың алдын алу үшін табанына бетон құйылғанымен қабырғасы қақырап барады. Сондықтан білім басқармасынан ақаудың себеп-салдарын анықтауға қаражат бөлініп, тәуелсіз техникалық сараптама жасалды.
Өмірзақ Керімбеков, қалалық №125 жалпы орта мектеп директорының орынбасары:
- Бұл жерде бастысы – адам өмірі. Бала өмірінің қауіпсіздігі қамтылып отырған. Қазып, суларды тексерген кезде олар жерасты суы деп анықтап берді. Осының бәрі соның салдарынан шығар деп ойлаймын. Едендердің отырып жатқаны, дуалдардың бір-бірінен ажырап жатқаны.
Қайнарбұлақ тұрғын алабында орналасқан мектептің құрылысына бастапқыда 1 миллиард 100 миллион теңге жұмсалған. Мамандардың айтуынша, кепілдік мерзімі аяқталғанымен, ғимараттың сапасы ұзақ жылға төтеп беруі тиіс. Сондықтан мердігердің жұмысына тиісті бағалау жүргізіліп жатыр.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
- Біз мұны ҰҚК назарына ұсындық. Егер жерасты суы болса, геологиялық зерделеу жүруі керек еді. Мердігер айтуы керек еді. Мына жерде жер астынан су шығып жатыр. Бұл жерге салуға болмайды. Салғаннан кейін осындай жағдай болады деп хат жолдап, дер кезінде дабыл қағып, мұны бекітіп алуы керек еді. Бұл бойынша біз кешенді жұмыстар жүргіземіз.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Әзірге білім ошағының бүлінген бөлігі бұзылып, қайта тұрғызыла ма, әлде күрделі жөндеу жасала ма? Ол жағы белгісіз. Бірақ мектеп ұжымы жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды талап етіп отыр. Биыл өңірде дәл осындай 9 мектеп жаңғыртылып жатыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов