Мемлекеттік кеңесші жастар ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жастар ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті, деп хабарлайды 24kz.

Жиынға 16 республикалық жастар ұйымының өкілдері қатысты. Кездесуде жастар саясатының өзекті мәселелері, іске асып жатқан жаңа жобалар жайы талқыланды.

Ерлан Қарин бүгінде мемлекет жастарды биліктің барлық деңгейіндегі шешім қабылдау үдерісіне барынша тартып отырғанын атап өтті. Парламентте, мәслихаттарда, қоғамдық кеңестерде жастардың саны айтарлықтай артты. Президенттік жастар кадр резервінің қатысушылары жауапты қызметтерге тағайындалып жатыр. Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші жастармен әңгімелесу барысында бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды.

Атап айтқанда, жас көшбасшыларды нашақорлыққа қарсы күрес шараларына белсене атсалысуға шақырды. Жастардың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына елеулі үлес қосқанын атап өтіп, алдағы уақытта осы науқанның ауқымын кеңейту қажеттігіне назар аударды. Кездесу соңында Ерлан Қарин мемлекет жастарға қолдау көрсетіп қана қоймай, жүргізіп жатқан реформаларда оларға негізгі рөлді сеніп тапсырғанын жеткізді.