Алматыда 30 жыл бұрын жекешеленген жатақхана оқу орнына оралды
Алматының Түрксіб аудандық прокуратурасы Сәтбаев университетінің жекешеленіп кеткен жатақханасын кері қайтарды, деп хабарлайды 24kz.
Ол 30 жыл бұрын заңды тұлғаның меншігіне өтіп, жалға беріліп келген. Сот жекешелендіру құжатының күшін жойып, ғимаратты оқу орнына тапсыру туралы үкім шығарды. Қайта оралған студенттер үйіне «Дос-Мұқасан ұясы» деген атау берілді. Өйткені дәл осы жатақханада аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблі өнер әлеміне қанат қаққан. Салтанатты ашылу рәсіміне ансамбльді құруға мұрындық болған Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов және Ұлықпан Сыдықов қатысты. Жаңартылған ғимаратта 200 студенттің жайлы тұруына барлық жағдай жасалған.
Ришат Тыныбеков, Satbayev University құрылыс департаментінің директоры:
- Мұнда шамамен 80-90 шетелдік студент тұрады. Біз оларды дүйсенбіден бастап тізім бойынша орналастырамыз. Дегенмен, университеттегі орын тапшылығы бұл жатақханамен толық шешілмейді. Сондықтан осы жылы екі студенттер үйінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Әр жатақханада 1000 орыннан болады.