Қарағандыда аулалардың ішіндегі жолдар жөнделді
Биыл Қарағанды қаласында аулаішілік жолдардың жай-күйіне жіті көңіл бөлінді.
Қазыбек би және Әлихан Бөкейханов аудандарында осы жазда 5 мың шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жасалды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш еселеп артқан.
Лобода көшесіндегі мына ауланы көктем сайын еріген қар суы басады. Соның салдарынан жолдар жылда шұрқ-тесік болады. Биыл аулаішілік асфальтті қалпына келтіріп қана қоймай, су ағатын арықтарды да қоса салып жатыр. Енді су ойпаң жерге жиналмайды. Әрі биік жиектастар судың жертөлеге құйылуына бөгет болады.
Гүлсім Жақыпбекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- 19 жылдың көктемінде бастап келіп едім. Осы үй тамаша. Көршілер бәрі жақсы. Үйдің айналасы тал. Қуанғам. Мына жерде бақша бар есік алдында. Бірақ есік алдында су жүріп жатқаны ренжітті. Ол туралы айттық, жүрдік. Бірақ айқайға, шуға барған жоқпыз.
Биыл Қарағандыда шаһар басшылығы аула аумақтарын жаппай абаттандыруға кірісті. Жалпы аумағы 5 мың шаршы метрдей асфальт жаңаланған. Жол жамылғысының жай күйі мен ауа райына байланысты жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазыбек би ауданында 70 аула абаттандырылмақ.
Ералы Оспанов, Қазыбек би ауданының әкімі:
- Көптеген ауладағы асфальт шұрық-тесік. Соларға өтінім толтырамыз, жоспарға өзгеріс енгізіп, жөндеуді бастаймыз. Бұрын әр аулада 5-6 көлік қана болса, қазір қозғалыс құралдарының саны артты. Осыған байланысты автотұрақты кеңейтуді де қолға алдық.
Жолдарды жөндеумен қатар Қазыбек би ауданында биыл 13 футбол алаңы салыныпты. Ол жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізілген. Аталған жоба арқылы ауданда 61 жоба мақұлданған. Тұрғындар ауланы көгалдандыру, спорттық және ойын алаңдарын орнатуға қатысты өз ұсыныстарын қала әкімдігіне жеткізген.
Е.Жылқайдарұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Акамбаев