Өскеменде балалар құтқару қызметінің жұмысымен танысты
Өскеменде балалар үйінің тәрбиеленушілері мен көпбалалы отбасыдан шыққан оқушылар құтқару қызметінің жұмысымен танысты.
«30 қайырымды іс» акциясы аясында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жеткіншектерді тікұшақпен ұшырып, құтқару іс-шаралары кезінде қолданылатын әуе кемесінің жұмысын көрсетті. Балалар ұшқыштармен әңгімелесіп, олардың қызметімен танысты. Айта кетейік, шығыс өңірінде шағын авиация дамып келеді. Аймақтық авиациялық бөлімдерде ұшқыштарды даярлау ісі жолға қойылды. Арнайы қызметтердің тікұшақтары шұғыл медициналық көмек көрсету, туристер мен геологтардың экспедицияларын тасымалдау бойынша жүздеген рейс орындайды.
Олег Алфеев, ҚР ТЖМ ұшқышы:
- Кейбір балаларға бұл жай қызық болуы мүмкін, ал кейбіреуінде көкке, ұшуға деген арман пайда болуы ғажап емес. Мүмкін, олардың бірі болашақта ұшқыш атанар.