Құрылысы бітпеген тұрғын үйлер азаяды
Баспана бағасы шарықтап тұрған соң, қаражатын үнемдеген халық құрылысы әлі басталмаған үйлерге ұрынып жатады.
Елде арманындағы баспана кілтін ала алмай отырған үлескерлердің саны 4 мыңнан асады. Әсіресе Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарында проблемалық тұрғын үй көп. Жалпы елде құрылысы бітпей тұрған 40 астам нысан бар. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері болса, 2026 жылға дейін түйткілдің түйіні шешіледі деп сендіріп отыр.
Естеріңізде болса, биыл 30 маусымда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бойынша заңға түзетулер енгізілген болатын. Бұдан былай, бірыңғай оператордың рұқсатынсыз не кепілдігінсіз құрылысқа заңсыз қаражат тартқан және оны жарнамалаған компанияларға айыппұл 300-ден 2000 АЕК-ке дейін өсті. Бұл шамамен 8 млн теңге Енді кез келген нысанның заңға сай салынып жатқанын тексеру үшін «QazReestr» ақпараттық жүйесі арқылы білуге болады. Әсіресе, алғашқы жарнаны қолма-қол ақшалай сұраған мекемелерге күмәнмен қарау керек.
Руслан Тағаев, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ департаментінің басшысы:
- Бұрын заң қабылданғанға дейін құрылыс салушылар не істейтін?! Олар заңды айналып өту мақсатында Азаматтық кодекске сілтеме жасап, тұрғындармен жай ғана «броньдау» немесе «инвестициялау» келісім-шартын жасайтын. Ал біз қазір осы заң жобасы аясында шектеу қойдық. Яғни құрылысы жүріп жатқан кез келген нысанға тек үлестік қатысу шарттары жасалсын дедік.
Дегенмен құрылыс компанияларына Бірыңғай оператор кепілдігін алу талаптары жеңілдетілді. Тәжірибе мерзімі бойынша қойылатын талап 3 жылдан 2 жылға дейін қысқарды. «Заңдағы жаңашылдықтар бірінші кезекте құрылыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, үлескерлердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді», - дейді спикерлер.
Руслан Лепесов, Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры:
– Мердігер компания құрылысын аяқтай алмаған жағдайда бірыңғай оператор жаңа инвестор арқылы құрылысты аяқтауға міндеттеледі. Нәтижесінде үлескер армандаған пәтеріне кіреді. Сондай-ақ келісім-шартты қайта табыстау арқылы немесе екінші деңгейлі банктердің көмегімен салған ақшасын қайтара алады. Тағы бір тәсіл, үлескерлер тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрып, сотқа шағым түсіру арқылы мердігер компанияны банкрот ретінде жариялау үкімін алады. Ізінше нысанның қаңқасынан бастап, жер учаскесіне дейінгі барлық мүлкін кооператив иелігіне өткізуге құқылы. Артынша үлескерлер әкімдікпен бірлесе құрылысты аяқтау үшін жаңа инвестор іздейді.
Проблемалық нысандардың тең жартысы ел батысында. Антирейтингтің көш басында Ақтөбе тұр. Бұл өңірде 12 нысанның құрылысы созбалаңға салынған. Маңғыстауда 6 және Атырауда 5.
Проблемалық нысандар
Ақтөбе – 12
Маңғыстау – 6
Атырау – 5
Алматы – 4
Ақмола – 3
Айдос Жоламанов, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:
– Қазіргі таңда 12 проблемалық үлестік құрылыс нысаны бар. Барлығының басшыларына алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалды және 12 нысан бойынша сот үкімі заңды күшіне енді. Сотталғандар 10 жыл мерзімге басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды. 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбеде қоныс тойын тойлай алмай, пәтерлерін зарыға күткен үлескерлердің саны 800-ден көп. Жалпы шығын көлемі 6 млрд теңге Айта өткен жөн, Ақтөбеде құрылыс жұмыстарына биыл 70,7 млрд теңге жұмсалады. Облыста ауданы 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.
Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев, Ернар Нысанбай, 24KZ.