Қарағанды облысында өнеркәсіптік әлеует нығайып келеді

Қарағанды облысында өнеркәсіптік әлеует нығайып келеді.

Тек биылдың өзінде өңірде 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның 15-і өнеркәсіп пен өңдеу саласында. Қазірдің өзінде ыстық мырыштау зауыты іске қосылды, теледидарлар мен кір жуғыш машиналар шығарыла бастады. Сондай-ақ металлургиялық кремний өндіретін кәсіпорын жұмысын қайта бастады.

Қарағанды облысында жыл соңына дейін тұтас болат құбырлар, алюминий радиаторлары, сондай-ақ кремний қорытпалары өндірісін іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар «жасыл» энергетикадағы ең ірі нысандардың бірі – қуаты 150 мегаватт жел электр станциясының құрылысы аяқталады. Басқа салаларда да жақсы көрсеткіштер бар.

Әлібек Әлденей, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

- Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 64 пайызға өсіп, шамамен 1,5 трлн теңгеге жетті. Ал биыл жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде өнеркәсіпке 723 млрд теңге тарту көзделуде.

Аймақта технология мен инновацияға да басымдық беріліп отыр. Инновациялық өнім көлемі 124 млрд теңгеден асты, ал оның төрттен бірі экспортқа шығарылады.

Әлібек Әлденей, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

- Алдағы кезеңде облыс үшін негізгі басымдық өңдеу өнеркәсібінде орта және жоғары технологиялық өнім шығару, сервистік секторды өркендету және транзиттік әлеуетті толық пайдалану. Бүгінгі таңда Қарағанды облысы еліміздің индустриялық дамуының локомотиві деп нық сеніммен айтуға болады.

Тағы бір маңызды міндет – өнеркәсіп саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Ол үшін сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашылады. Мәселен, бұл – шина өндірісінен бастап автомобиль жасайтын мамандар. Студенттер кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді.

Достық Талғатұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит, 24 KZ