Бұқараның басты базынасы - баспана
Биыл 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Меже орындалса, 176 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды.
Дегенмен жалдамалы пәтерде жан бағып жүрген жұрт мұнымен түгесілмейді. Баспанаға мұқтаж бұқараның қатары әлі де көп.
2025 жылы - 19,2 млн шаршы метр
Тұрғын үй - 176 мың отбасы
Бес жылдың бедерінде бізде 85 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Жыл сайын қоныс-жай құрылысы қарқын алып келеді. Айталық, 2020 жылы құрылыс көлемі - 15 млн болса, биыл бұл меже 19 млн шаршыға жетті. Нәтиже жаман емес, дегенмен босансуға болмайды. Себебі сол ұзын сонар кезекте тұрған халықтың қарасы қалың. Осы тұста құзырлылар құрылыс қарқынын арттыруға бейіл.
2020 жылы - 15,3 млн шаршы метр
2021 жылы - 16,9 млн шаршы метр
2022 жылы - 15,6 млн шаршы метр
2023 жылы - 17,8 млн шаршы метр
2024 жылы - 19,1 млн шаршы метр
2025 жылы - 19,2 млн шаршы метр
Амантай Телқожа, ҚР ӨҚМ Тұрғын үй құрылысы және жаңа құрылысқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас сарапшысы:
- 2025 жылға жалпы еліміз бойынша барлық қаражат көздерінен 19,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда статистикалық деректерге сәйкес, 9,4 млн шаршы метр пайдалануға берілді. Ол 85 мыңнан астам, 86 мыңға жуық пәтер болып келеді.
4 облыста құрылыс қарқыны төмендеді
Әсіресе, Алматы, Астана секілді алып қалаларда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Алматы облысында да оң өзгеріс бар. Дегенмен Қарағанды, Маңғыстау, Абай, Атырау секілді аймақтарда көрсеткіш көңіл көншітпейді. Тұрғын үй салу ісінді іркіліс көп. Қош, құзырлылар қол қусырып қалмасы белгілі. Бұдан бөлек, отандық өндірісге де ден қою қажет. Мұны мемлекет басшысы баса айтқан еді. Қазір құрылыста 70 пайыз жергілікті материалдар қолданылады. Импортқа тәуелділік, 37- ден 30 пайызға азайды.
Астана қаласы – 2,2 млн шаршы метр
Алматы қаласы – 1,6 млн шаршы метр
Алматы облысы – 800 мың шаршы метр
Маңғыстау облысы - 36,7%
Абай облысы - 22,7%
Қарағанды облысы - 11,7%
Атырау облысы - 11,6%
Амантай Телқожа, ҚР ӨҚМ Тұрғын үй құрылысы және жаңа құрылысқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас сарапшысы:
- Статистикалық деректерге сәйкес, қаңтар-маусым айларында отандық тауар өнімдері 12,5 пайызға өсті. Импорттан алып келуіміз 30,4 пайызға төмендеді. Сонымен қатар ҚР гипс, тауарлы бетон, цемент, сондай тауарлар толығымен қамтамасыз етіледі.
Баспана мұқтаж бұқараны толық тұрғын үймен қамту мүмкін емес. Сол үшін жауаптылар жалдамалы пәтерлерді ұсынады. Мәселен, былтыр 13 мың, ал биылғы бес айда 6 мың адам уақытша қоныс-жайға жайғасты. Дегенмен бұл жағдайды жеңілдеткенімен, шешім - уақытша. Қалай болғанда да құрылыс көлемін арттыру маңызды.
Шернияз Жалғасбекұлы, 24KZ