Түркістанда 60 жедел жәрдем көлігі берілді
Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы 60 санитарлық автокөлікпен толықты.
Жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында алынған, жалпы құны – 4,2 млрд теңгеден асатын жаңа көліктері медициналық мекемелерге табысталды. Алдағы уақытта олар ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Өңірде аудандық ауруханалардың материалдық базасын жақсартуға баса мән беріліп отыр.
Салтанатты шараға облыс әкімі, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы және медицина саласының қызметкерлері қатысты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жедел жәрдем көліктерін тапсыру рәсімінде бұл бастаманың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең қымбат құндылық» деген қағидатына негізделгенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:
- Бұл көліктер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Дәрігерлеріміздің күнделікті еңбегін жеңілдетіп, ең бастысы халыққа көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасы артатын болады. Бүгін табысталатын автокөліктер сіздерді ынталандырады деп сенемін. Адал еңбекпен халық алдында абыройларыңыз арта берсін.
Автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппаратымен, дефибриллятормен, жүрек-өкпе реанимациясына арналған жиынтықпен, электрокардиографпен жабдықталған. Заманауи көліктердің кілті облыстық станцияның аудандық бөлімшелеріне табыс етілді.
Әсем Тұяқбаева, Созақ аудандық жедел жәрдем бекетінің меңгерушісі:
- Біздің Созақ ауданында 65 мың халық бар. Бұрын бізде 8 көлік болса, соның көбісі ескірген болатын. Бізге бүгін осындай керемет жаңа санитарлық автокөлік беріп жатыр. Заманауи құралдармен жабдықталған. Біз өте қуаныштымыз, халыққа адал қызмет етіп жүре берейік.
Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жобалар қолға алынған. Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Одан бөлек, 80 төсек-орындық перзентхана салынуда. 60 орындық оңалту орталығы жақын арада пайдалануға берілмек. Сарыағашта 300 орындық көпбейінді кешен, Ордабасыда 200 орындық перинаталдық орталық салу жобасы әзірленіп отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, 24KZ