Ақтөбе облысында колледждердің базасы жаңартылады

Ақтөбе облысында колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 900 млн теңге бөлінді. Мамандардың айтуынша, өңірде жұмысшы мамандықтарына қызығушылық артып келеді. 

Жаңа оқу жылында жұмысшы кадрларды даярлауға бөлінген орын саны екі есеге көбейді. 

Бұл колледжде көлік және тұрмыстық техникаларды жөндеу, автожол саласына қажетті мамандар даярланады. Биыл оқу орнына 362 түлек қабылданды. Кейбір мамандықтарға сұраныс жоғары болған.

Ғалия Жұмағазина, Ақтөбе автомобиль-жол колледжінің директоры:

– 8 бағыт бойынша біз мамандықтарды қабылдаймыз. Ол электромеханиктер, автомеханиктер, жол саласынан техникмеханиктеріміз, кондиционер мен тоңазытқыштарды жөндейтін автомеханиктеріміз, одан кейін полиграфтарымыз, менеджерлерді қабылдаймыз.

Арнұр Парахат – колледждің екінші курс студенті. Ол бала кезінен техникаға қызығып, автомеханик мамандығын таңдаған. Айтуынша, теорияны тәжірибемен ұштастыру үшін колледжде барлық жағдай жасалған.

Арнұр Парахат, студент:

– Коледжді өзімнің мамандығым бойынша таңдадым. Өзім кішкентай кезімнен, бала кезімнен автокөліктерді ұнатамын. Оларды қарап-зерттеп, жөндеп мысалы дегендей.

Жақын арада колледждің оқу кабинеттері қосымша құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Өңірдегі 9 колледждің әрқайсысына материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін 100 миллион теңгеден беріледі. Бұл қаржыға заманауи автомобиль және аэродром жолдары салынып, зертханалар жабдықталады. Биыл облыста колледждерге 7390 грант бөлінді. Оның ішінде 4 мыңнан астам жас ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету саласы және техникалық бағытты таңдаған.

Бұлбұл Күзембаева, Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы:

– Биылғы мемлекеттік тапсырыс облыстық бюджеттен бөлінген екі есеге көбейіп отыр. Жұмысшы мамандықтарға деген біз түлектеріміздің қызығушылығының артқанын көріп отырмыз. Соның нақты дәлелі биылғы облысымыздағы техникалық-кәсіптік колледждерге, соның ішінде жұмысшы мамандықтарын дайындайтын 34 колледжге қабылданған түлектердің саны былтырғымен салыстырғанда екі есеге артып отыр.

Еңбек нарығындағы сұранысқа сай биыл өңірдегі екі колледжде жаңа мамандықтар ашылды. Енді мұнда флористер, қонақ үй бизнесі және қоғамдық тамақтану саласының мамандары дайындалады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков