Төрт өңірде коммуналдық инфрақұрылымды жаңартатын ұлттық жобаға қаржы бөлінді
Қазақстанның тұрғын үй компаниясы энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаны қаржыландыруды бастады.
Үкіметтің шешімімен жобаның қаржылық операторы ретінде «Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі белгіленді. Оның еншілес ұйымы Қазақстанның тұрғын үй компаниясы төрт облыстың: Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдіктерінің құнды қағаздарын сатып алған. Пилоттық жобаның бастапқы кезеңінде сумен, жылумен және электр қуатымен қамтитын 10 нысан жаңғыртудан өтеді. Бұл мақсатқа 22,5 миллиард теңге қарастырылған.
Ақтауда «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға арналған жиын өтті. Жиында тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі талқыланды. Бүгінгі таңда еліміз бойынша коммуналдық жүйелердің 75–80 пайызы әбден ескірген. Оларды қайта жаңғыртуға бөлінетін қаржы көлемін барынша арттыру көзделіп отыр. Қаржыландыру тетігі екі бағыт бойынша жүзеге асады. Ал бөлінген қаражатты қайтару мерзімі 5 жылдан 20 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Арман Мәлік, Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсенің өкілі:
- Ол жекеменшік монополист кәсіпкерлерге қаржыландыру көздері, ол екінші деңгейлі банктер арқылы, «Қазақстан даму банкі» арқылы қаржыландырылады. Мемлекет меншігіндегі монополист кәсіпорындарға оларға жаңағы «Қазақстан тұрғын үй» компаниясы арқылы, облигация шығару арқылы қаржыландырылатын болады. Ол үшін пайыздық мөлшерлеменің 10 пайызы ғана тарифке салынатын болады. Айырмашылығы республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын болады, субсидияланатын болады.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру тетіктері Талдықорған қаласында да кеңінен талқыланды. Пилоттық жоба аясында 2025–2029 жылдарға қарастырылған қаражат көзі Жетісу облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ең маңызды инфрақұрылымдық нысандарға бөлінеді. Қазіргі таңда Қазақстанның тұрғын үй компаниясы төрт облыс әкімдіктерінің облигациясын сатып алды. Бұл еліміздің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту бағытында қолға алынған ауқымды жұмыстың бастамасы.
Әлия Мырзағалиева, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарушы директоры:
- Кеше ғана Павлодар облысы, Қарағанды облысы, Батыс Қазақстан облысы және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдіктері арқылы біз қаржыны жеткіздік. 22,1 миллиард теңгеге. Мұнда өңірлерде жылу жүйелерімен жұмыс жасап жатыр. Өйткені жылу жүйелері әбден азып-тозған. Жылуды жыл сайын беру олар үшін өте үлкен проблемаға айналып отыр.
Жобаны сәтті бастап кеткен өңірлердің бірі Павлодар облысы. Қалада жаңа жылу магистралінің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа желі облыс орталығының оңтүстік бөлігінде орналасқан 600-ден астам көпқабатты үйді сапалы әрі тұрақты жылумен қамтымақ. Сонымен қатар апаттық жөндеу жұмыстарына кететін шығынды айтарлықтай азайтады. Қазіргі таңда Павлодардағы жылу желілерінің 92 пайызы тозған. Жаңа магистральдың іске қосылуы бұл көрсеткішті 77 пайызға дейін төмендетеді.
Әнуарбек Аманов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:
- Жылу магистралінің жалпы ұзындығы шамамен алты шақырым. Жобаның құны 9,6 миллиард теңге. Қазіргі күні жұмыстың 90% атқарылды. Бұл магистраль қыс айларында жылу желілерінде болатын ақауларды азайтып, қаланың Оңтүстік аудандарын тұрақты әрі сапалы жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпы ұлттық жобаны іске асыру еліміздің түкпір-түкпіріндегі энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның негізгі нысандарын сатылап жаңартуға мүмкіндік береді. Тозығы жеткен желілерді біртіндеп ауыстыру халықтың өмір сүру деңгейін жақсартып, көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға жағдай жасайды.
Қарлығаш Қасиетова