Қарағандыда үйлерге дабыл құрылғысы орнатылды

Қарағанды облысында 1100  үйге өртке қарсы дабыл құрылғысы орнатылды.

Тұрмысы нашар отбасылардың баспанасына датчик тегін қойылды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пештердің жылу маусымына дайындығын тексеріп, мұржаларды тазартып жатыр.

Төтенше жағдай қызметкерлері жалғыз тұратын зейнеткерлер, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға  барып, үйдің мұржаны тазалап, пештің жағдайын тексеріп жүр. Бұған қоса өртке қарсы дабыл құрылғысын орнатты. Ол ауа құрамында улы газдың концентрациясы артқанда белгі береді. Осындай көмекке ие болғандардың бірі – көпбалалы  Евгений Фоминцефтің отбасы.

Евгений Фоминцев, қала тұрғыны:

- Мен от жағатын бөлмені бөлек салып қойғанмын. Солай анағұрлым қауіпсіз. Мұржаны  жылына екі рет тазалап тұрамын. Міне жақсы болды дабыл құрылғысын да  орнатып берді. Күндіз жұмыста боламыз, балаларға алаңдаймыз. Сақтық керек.

Облыс бойынша  100  000-нан астам жеке үй бар.  Көбінде өрт қауіпсіздігі  сақтала бермейді. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері  қыс қарсаңында тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, үйлерді аралап жүр.

Марғұлан Аманбаев, облыстық тжд бастығы: 

- Бүгінде 1 100 үйге дабыл датчиктерін қойып шықтық. Сонымен қатар мұржаны тазалау, пештерді жөндеу іс-шаралары жүргізіледі. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде парақшаларымызды тастап кетіп жатырмыз.

Былтыр жылу беру маусымында облыс бойынша жеке үйлерде 314 өрт болған. Тілсіз жау салдарынан 16 адам көз жұмды. 

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит, 24KZ