Ветеринария саласының қызметкерлеріне 53 жаңа автокөлік табысталды
Маңғыстау облысында ветеринария саласының қызметкерлеріне 53 жаңа автокөлік табысталды.
Мал дәрігерлерінің қызмет сапасын арттыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінген. Су жаңа көліктермен бірге, тоңазытқыштар, компьютерлер және оған қажетті құрылғылар сатып алынды. Аймақта соңғы жылдары ветеринария саласын жетілдіруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастады. Мәселен, облыста жаңадан 43 ветеринариялық пункт пен 1 станция салынып жатыр. 2 станция толық жөндеуден өтеді. «2022 жылдан бері сала мамандарының жалақысы екі есеге өсті. Келер жылы еңбекақыны тағы көтеру жоспарда», - дейді өңір басшысы.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Ветеринар қызметкерлерінің ғимараттарын жөндеу немесе жаңа ғимарат салып беру жұмысы жүріп жатыр. Республикалық бюджеттік комиссияның шешіміне сәйкес, осы сәрсенбі күні Маңғыстау облысы бойынша қаулыға қол қойдық. Яғни келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ветеринария қызметкерлерінің жалақысы 150 пайызға көтерілетін болады.
Айта кету керек, ветеринарларға қызметтік көлік соңғы рет 2013 жылы берілген еді. «Күрделі мәселенің оң шешімін табуы жұмысымызды сапалы атқаруға деген құлшынысымызды арттырады»,- дейді сала мамандары.
Орал Шалабаев, Ақшымырау ауылының ветеринар дәрігері:
- Көлікті, құралдарды алғаннан кейін әріптестерімізбен бірігіп, болашақта жақсы жұмыс істеуге, халқымыздың био қауіпсіздігін сақтауға, әртүрлі мал ауруларының алдын алуға, вакциналармен жұмыс жасауға ыңғайлы деп есептеймін.
Айтқандай, Мемлекет басшысы өз Жолдауында ветеринария – мемлекеттің биологиялық қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі екенін атап өткені мәлім. «Осы тапсырмаға сәйкес, биыл Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы дербес басқарма ретінде құрылды. Саланы жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар жүйелі жалғасын табады»,- дейді өңір басшылары.
Талғат Серікқалиұлы, Саламат Бекбаев, 24KZ