МАГАТЭ өкілдері Қазақстанның ядролық технологиядағы жетістіктерімен танысты

Қазақстанда қолданылатын радиофармпрепараттардың 85%-і ядролық физика институтында жасалады, деп хабарлайды 24kz.

Институт ядролық технологияны дамыту мақсатында тағы бірнеше бағытта жұмыс істейді. Мәселен қазір ауылшаруашылық өнімін арттыру, оны сақтау және кәріз суын тазартуға қатысты жобаларды қарастырып жатыр. Мекеменің жұмысын МАГАТЭ-нің Бас директорының орынбасары, Ядролық ғылымдар және қолданбалар департаментінің басшысы Наджат Мохтар бастаған делегация арнайы келіп көрді. Шетелдік меймандар радиофармацевтикалық препараттарды шығаратын өндіріс орындарымен және Aqua Dress медициналық гидрогельді таңғыштар жасайтын зертханамен танысты. Былтыр мекеме Халықаралық атом энергиясы агенттігімен бірлесіп, Қырғызстанға қатерлі ісік пен жүрек-қан тамыр ауруларын диагностикалауда қолданылатын молибден  генераторын жеткізді. Кездесу барысында Наджат Мохтар Қазақстанға жасаған сапарынан алған әсерімен бөлісіп, жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығын және одан әрі өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті.

Наджат Мохтар, МАГАТЭ Бас директорының орынбасары:

- Мен Қазақстанға бірінші рет келдім. Ядролық физика институтында болып, мұнда ғылым мен техниканың дамып жатқанына куә болдым. Ядролық медицина, радиациялық технология бұл заман талабы. Оның пайдасын көріп те жатырмыз. Осының бәрі халықаралық ұйымдармен байланыстың жемісі. Осындай ынтымақтастықтың арқасында қазірдің өзінде атом өнеркәсібінің әртүрлі бағыттары бойынша 5 мыңнан астам маман даярланған.

Саябек Сахиев, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі ядролық физика институтының бас директоры:

- Радиофарм препараттарды, яғни, онкологиялық ауруларды емдеу үшін, диагностикасы үшін біз қазір 3 дәрі-дәрмек шығарамыз, Қосымша бір жылдың ішінде тағы да үш емдеу үшін қосымша дәрі-дәрмек шығаруды жоспарлап отырмыз. Болашақта 2028 жылы тіпті октин 225- ші изотоп негігінде құралған радиофарм препаратын да шығаруға дайындалып отырмыз.