Петропавлда 2000 түлек тегін кәсіптік білім алады
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында мемлекет есебінен 2 мың түлек тегін кәсіптік білім алады.
Мамандар еңбек нарығында механизатор, дәнекерлеуші, азпаз мен тігіншілер жетіспейтінін айтады.
Владислав Малышкин әке жолын қуып, құрылысшы мамандығына оқуға түсті. 3-курс студенті жаз бойы жергілікті кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтіп, өзін жақсы қырынан танытты. Диплом алған соң, бірден жұмысқа тұрады.
Владислав Малышкин, колледж студенті:
- Бұл мамандық маған болашағымен ұнайды. Өйткені қазір қаламызда салынып жатқан үйлер өте көп. Сондықтан құрылысшылар қашанда сұранысқа ие болады. Өкінішке қарай оған екінің-бірі бара бермейді.
Биыл Петропавлдағы жоғары құрылыс – экономикалық колледжіне 420 түлек оқуға түсті. Оның әрбір төртіншісі жұмысшы мамандығын таңдаған. Енді олар теория мен тәжірибені қатар ұштастырады.
Екатерина Калганова, колледж директорының орынбасары:
- Жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттер дуалды білім беру жүйесі бойынша білім алады. Яғни, олар оқудың 60 пайызын тәжірибеде өткізеді. Кейін сол жерге жұмысқа қабылданады.
Солтүстік Қазақстан облысында кәсіптік және техникалық білім беретін 24 колледж бар. Биыл оларға 3700 оқу гранты бөлінді. Оның ішінде тапшы мамандықтарға басымдық берілген.
Бауыржан Зейнуллин, білім басқармасының бөлім басшысы:
- Жылдың басында жасалған талдау қорытындысы бойынша, еңбек нарығында дәнекерлеуші, аспаз, тігіншілер тапшылығы анықталды. Сондықтан биыл осы мамандықтарға қосымша гранттар бөлінді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында 2025-ті жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Өңірде дуалды білім беру жүйесі бойынша 3 мыңға жуық бала білім алады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Имангов, 24kz