Жасанды интеллект зерттеуді жеделдетеді
Жасанды интеллект химия саласындағы ғылыми зерттеулерді жеделдетіп, тәжірибе санын азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығына – тыңайтқыштардан бастап мал азығына дейін – жаңа жобалар ұсынуға жол ашады. Президент Жолдауымен танысқан Сәтбаев университетінің оқытушылары осындай пікірде. «Ал жер қойнауының заманауи картасын жасау терең зерттеулер, нақты мәліметтер алуға көмектеседі», - дейді ғалымдар. Еліміздегі бірден бір техникалық білім ордасы Сәтбаев университетінде жер қойнауын қашықтан зерттеу бойынша жасанды интеллектіні қолдану әдістері үйретіледі. Ғалымдардың пікірінше, Мемлекет басшысының бастамасы кен орындарының әлеуетін бағалауға, қолға алынған жобаларды жүйелі жүзеге асыруға септігін тигізеді.
Ерғали Әуелхан, SATBAYEV UNIVERSITY Геология және мұнай-газ институтының директоры:
- Қазақстанның геологиялық картасын цифрлық түрде қайта жаңарту, қосымша геофизикалық зерттеулерді күшейту мәселелеріне көп көңіл бөліп отыр. Бұл болашақта инвестицияға келуге, үлкен ірі компанияларға ақпараттарды көруге өте тиімді болады.
Жұлдыз Қалпиева, SATBAYEV UNIVERSITY академиялық даму жөніндегі вице-провост:
- Еліміздің жоғары техникалық университеті негізінде біз де мемлекетімізге цифрлы кадрлар дайындауға өз үлесімізді қосудамыз. Біздің университетте Жасанды интеллект бойынша қос дипломды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Байланыс, интеллектуалды телекоммуникациялық жүйелерді 5G, 6G немесе спутниктік старлинг жаңа технологияларға негізделген байланыс жүйелерін дамытуға үлесін қосады.