Елде тағы 2 АЭС салынуы мүмкін

Экономиканы тұрақты дамыту үшін бір АЭС жеткіліксіз. Президент екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлау керегін мәлімдеді. Оған қоса тоз-тозы шыққан инфрақұрылым жағдайын Үкімет пен әкімдіктің селқостығынан көрді. 

Бір ай бұрын елде алғашқы атом электр станциясының құрылысы бойынша жұмыс басталған еді. Қанатқақты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырылуда. Енді билік тағы екі АЭС салу мәселесін қарастырады. Осы ретте Президент қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатқанымызға назар салды. Тек ядролық энергетика емес, «жасыл» энергия нысандары да қамтылуда. Мысалы, алдағы бес жылда 6,3 гигаватт баламалы қуат көзін іске қосу жоспарланып отыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Мемлекет басшысы сол үшін АЭС тақырыбына қайта оралды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 - Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы. Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет.

Инфрақұрылым мәселесі өткір тұр

Жалғыз АЭС-ке арқа сүйеп отыра алмайтынымыз да түсінікті. Сондықтан энергетика саласының өзге де бағыттары қолға алынады. Ашығын айту керек, Үкімет пен әкімдіктің селқостығынан сала ондаған жыл қараусыз қалып, әбден тоз-тозы шықты. Қазір құзырлы органдар инфрақұрылымды жаңғыртуға тырысып жатыр. Мәселені реттеу үшін тариф бағасы көтерілді. Осы ретте Президент сапаға мән беру керектігін қадап айтты. Коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне беру мәселесін де – даулы деп атап, ерте ме, кеш пе, қайтадан жекенің игілігіне өтетінін жеткізді. Сөз арасында жаңа ережелер енгізу бастамасын көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын үнемшіл болуға ынталандыратын жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек. Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни, атқарылатын жұмыс шаш етектен. Бұл – азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шараларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты.

Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасы жасалады

Расымен, қара судың өзі қат. Тіршілік көзін үнемдеу мәдениеті төмен. Адамнан көреміз-ау, инфррақұрылымның жайы да мәз емес. Кей каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетеді екен. Құзырлы органдарда су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Ал есепке алу технологиясы әбден ескірген. Осыған байланысты су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау міндеті жүктелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес.

Қазақстанның трансшекаралық өзендерге тәуелді екені ешкімге жасырын емес. Кейде көршілердің көңілін бағып қалатынымыз да бар. Бірақ мәселені су дипломитиясының арқасында шешіп отырмыз. Осы ретте мемлекет сала мамандарын даярлауға көптеп көңіл бөлмек. Жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп, сөзі ұтымды су дипломаттарын арнайы даярламақ. Бұл жолдау жүктеген міндеттің бір парасы.

Авторы: Бекзат Аманов