Ел игілігі жолындағы 80 жыл

Бүгін – Қазақстанда алғашқы автобензин өндірілген күн.

Жеңіл мұнай өнімі осыдан 80 жыл бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытында шығарылды. Осы кәсіпорынның мерейтойына орай салтанатты іс-шаралар өтті.

Салтанатты іс-шара ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысының өндіріс алаңында басталды. «Атырау мұнай өңдеу зауытындағы алғашқы қондырғының пайдалануға берілгеніне 80 жыл» ескерткіш тақтасы ашылып, мұнай өңдеушілерге құрмет көрсетілді. Сала ардагерлері өткенді еске алып, жаңарған зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.

Жолдас Есқараев, ардагер мұнайшы:

- 1945 жылы бірінші керосин мен бензинді осы цех берді. Әлі зауыттың ППНГО қондырғысы бензинді әрі қарай тереңдетіп, шығарып жатыр. Осында 42 жыл жұмыс істедім. Жаман болған жоқпын.

Іс-шара барысында Атырау мұнай өңдеу зауытының «Тарих және Еңбек Даңқы» жаңартылған музейіне экскурсия ұйымдастырылып, сирек кездесетін мұрағат құжаттары таныстырылды. Қонақтар жаңғыртудан өткен мұнай өңдеушілер аллеясына тал екті.

Абай орталығында өткен салтанатты жиында зауыттың 40-тан астам қызметкері ҚР Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның салалық және ведомстволық марапаттарына ие болды.

Абат Исламов, «АМӨЗ» ЖШС Гидрогенизациялық процестер өндірісінің қондырғы бастығы:

- Ол кездегі зауыттың деңгейі мен қазіргі зауыттың деңгейі екеуі екі түрлі. Жылдан жылға технологиялар дамып келе жатыр. Қазір зауыт Қазақстан бойынша құрылғылардың күрделілігі жөнінен бірінші орында. «АМӨЗ» Қазақстанның мұнай өңдеу саласындағы флагманы ғой.

Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов қонақтарға мерекелік медаль мен «Даңқ жолы. Суреттер сөйлейді» кітабын табыстады. Салтанатты іс-шара одан әрі өңір жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов