Алдағы бес жылда 92 млн жұмыс орны қысқарады
Бірақ бұл адам баласы жұмыссыз қалады деген сөз емес. Есесіне 170 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Бұл – Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі.
Ұйым сарапшыларының болжамына сүйенсек, ауыл шаруашылығы саласында 35 миллион, жеткізу қызметі мен логистикада 9,8 миллион жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, жүргізуші, құрылысшы, тамақ өнеркәсібі саласындағы жұмысшылар саны көбейеді. Дегенмен, 92 миллион жұмыс орны босайды. Соның ішінде пошта және кеңсе қызметкерлері, банк кассирлеріне сұраныс төмендейді.
Сондай-ақ жасанды интеллект әсерінен 85 миллион жұмыс орны жойылуы мүмкін. Бірақ оның орнына 97 миллионға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Адамның орнын ақылды технология бірден тартып ала қоймас. Технологияның тілін білген білікті маманға сұраныс арта түспек. Соның ішінде үлкен деректерді талдайтын маман, қаржы технологиясы бойынша инженер, Жасанды интеллект және машиналық оқыту маманы, бағдарламалық әзірлеушілер мен қосымша жасаушылар секілді технологиялық мамандарға сұраныс артады.
Дереккөз: World Economic Forum