Ақмола облысындағы Шағалы өзені тазаланып жатыр

Ақмола облысында Шағалы өзенінің арнасы кеңейтіліп, табаны тазаланып жатыр. Бірнеше ауылды басып өтетін өзеннің жағасын қамыс басып, суы батпаққа айналды. Салдарынан көктем сайын өзен арнасынан асады. Су айдының тазарту жұмыстарына 13 млн теңге бөлінді.

Облыс орталығының іргесіндегі Красный Яр ауылының тұрғындары әр көктемді үреймен қарсы алады. Себебі соңғы жылдары Шағалы өзені арнасынан бірнеше рет асып, жергілікті халықты әбден әбірге салды. Қарғын су ауыл маңындағы саяжайларға да жайылады.

Серікжан Мәкіш, Красный Яр ауылының әкімі:

- Ең бірінші қауіп бізге Шағалалы су қоймасынан келеді. Тәулігіне 9 млн куб осы біздің көпірдің астымен өтіп жүрді. 9 млн куб су келгенде бізге осы жердегі барлық өзеннің бойы, ауылымыздың шеткі көшелерінің маңайы барлығы суға толатын. Қысым пайда болып, көпірдің астынан барлық су өтіп кете алмайды.

Қазір елдімекенде 70 үй су басу қаупі жоғары аймақта тұр. Жергілікті тұрғындар да тасқынға тосқауыл болар шараларды көріп қуанып отыр. Себебі Шағалы өзенінің тазаланбағына талай жыл болған.

Болатхан Сүлейменов, Красный Яр ауылының тұрғыны:

- Қазір қауіп сейілді. Өйткені мен осы ауылда 50 жыл тұрам. Мұндай жұмыстар алғаш рет жүргізіліп отыр. Жылда көктем сайын қорқыныш үреймен отырушы едік. Енді осы жұмыстарды көріп қуанып отырмыз.

Өзенді тазалау бір ай бұрын басталды. Осы уақыт аралығында  түбінен 4600 текше метр лай батпақ шығарылды. Қазір сол лайдың өзі кәдеге асып жатыр.

Серікжан Мәкіш, Красный Яр ауылының әкімі:

- Бұл жерде құм, балшық бар. Мұны жай шығарып тастамай, бір оқпен екі қоянды атып жатырмыз. Осы құмдарды пайдаланып қауіпті аймаққа 2,5 метр биіктікте бөгет салдық.

Шағалы өзенінің арнасы 10 метрге кеңейтіліп, табаны 2 метрге дейін тереңдетіледі. Барлық жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы қазір өңірде 6 өзен тазаланып жатыр. Оған 10 млрд теңге бөлінді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный