Геология саласына серпін керек
Елдегі геологиялық барлау жұмыстарын күшейту керек. Мұны маңызды міндет деген Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында геофизика зерттеулері әбден ескіргенін айтты. Соған сәйкес жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін жасанды интеллект арқылы цифрландыру керек. Жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді деген Президент тағы қандай тапсырмалар берді?
Қазақ даласы – қойнауы қазынаға толы құтты мекен. Жер байлығы да, кен байлығы да жетіп артылады. Осы қазба қоры бойынша алғашқы ондықтан ойып тұрып орын алып отырмыз. Десе де соңғы жылдары шектеулі ресурстың шегіне жетпесек те, азайып бара жатқаны анық. Себебі барлау жұмыстары баяу. Зерттеу жүргізетін технологиялардың тым ескі екенін Президенттің өзі айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикаласының Президенті:
- Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа да халықаралық сарапшыларды тартуға болады. Әрине, ғылыми негізі болмаса, барлау жұмысын ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.
Жердегі жақұтымызды игеру үшін қолданатын қондырғыларымыз жыл сайын жаңартылуы керек. Бірақ біздегі бірқатар компания бір жылдық технологияны 10 жылдап қолданып келеді.Кен орындардың көбі Кеңес кезінде ашылған. Цифрландырылуы тиіс деректер әлі қағаз жүзінде ғана.
Ғалым Нұржанов, «Kazakhmys barlau» ЖШС бас директоры:
- Бүкіл геологиялық ізденіс жұмыстарымен айналысатын компаниялардың 80 пайызының бұрғылау қондырғылары мен геологтар пайдаланатын құрылғыларының барлығы ескі. Геологиялық ізденіс жұмыстары кезінде бәрі қағаз жүзінде жасалады. Яғни геологиялық ізденіс жұмыстарын тежелейді. Кеңес үкіметінен келе жатқан қондырғылар мысалы, айына 1 қондырғысы 300-400 метр ғана бере алады. Біз жаңа қондырғылар алдық. Олар 1000-1200 метр береді. Қараңыздар, 3-4 есе олардың жұмыстары баяулайды.
Президент пәрмен берген кезекті тапсырма. Келер жылдың ортасына дейін салада халықараралық стандарттарға сай зертхана ашу. Өйтпеске болмас. Өйткені елде бұл талапқа сай екі лаборотрия бар. Бірақ қазба байлығы көп Қазақстан үшін бұл аз көрсеткіш. Сондықтан санын көбейтпей, қарқын алу қиын.
Дастан Макат, геолог, PhD докторы:
- Біріншіден, барлау жұмыстарының нәтижелерін баяу аламыз. Екіншіден, геологиялық инвестициялық тартымдылығы төмендейді. Халықаралық аренада көптеген материалдарды қарастырған кезде геолгиялық материалдар болсын, оның зерттеу нәтижелерінің дұрыстығына мән береді.
Мемлекет басшысы геолгиялық барлау және жер қойнауын игеру бойынша жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау керектігін айтты. Олай болмаса саланы жандандыру қиын. Цифрлық картаның болмауы, заманауи зертханалардың аздығы, барлау жұмыстарының баяу болуы. Салаға онсыз да көп келе бермейтін иневсторлардың көңіліне күдік ұялатып отыр.
Авторы: Шерхан Абзалұлы